Қан тапсырудағы қағидалар
Қан доноры болу – біреудің өмірін құтқаруға көмектесетін маңызды іс. Қазақстанда 18 жасқа толған, салмағы 50 келіден асқан және денсаулығында ақауы жоқ кез келген азамат донор бола алады. Алайда донор болу үшін тек ниет жеткіліксіз. Денсаулық жағдайы, өмір салты мен қан тапсыру алдындағы дайындықтың барлық талабына сай болу – маңызды шарт.
Қан тапсыруға қойылатын шектеулердің негізгі себебі – донордың да, реципиенттің де денсаулығын қорғау. Мысалы, созылмалы аурулары бар адамдар, жұқпалы аурулармен ауырған немесе олардан жазылғанына аз уақыт өткен азаматтар қан тапсыра алмайды. Сонымен қатар, жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі алғашқы алты айда әйелдерге де бұл іске қатысуға рұқсат етілмейді. Дәрі-дәрмек қабылдап жүрген немесе алкоголь мен есірткі қолданған азаматтарға донор болуға тыйым салынады. Қан тапсырар алдында донордың бірнеше ережені сақтау маңызды. Ең алдымен, жақсылап тынығып, қан тапсырардан бір күн бұрын майлы, қуырылған, ысталған және ащы тағамдарды тұтынбаған жөн. Бананнан басқа көкөністер мен жемістерді жеуге болады. Сондай-ақ, қан тапсырардан екі күн бұрын ішімдік ішпеу, үш күн бұрын дәрі-дәрмек қабылдамау, бір сағат бұрын темекі шекпеу талап етіледі. Басы ауырып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, қан тапсыруға бармаған дұрыс. Қан тапсыру барысында дәрігер денсаулығыңызды тексеріп, бірнеше сұрақ қояды. Бұл кезде қабылдаған дәрі-дәрмектеріңізді, қандай аурулармен ауырғаныңызды жасырмай айту қажет. Қан тапсырған соң ағзаңыздың қалыпқа келуі үшін арнайы күтім қажет. Қан тапсырғаннан кейін 10-15 минуттай демалған дұрыс. Егер басыңыз айналса, аяқтарыңызды көтеріп жатып немесе басыңызды тізеңізге қойып отыруға болады. Таңғышты екі сағаттан кейін ғана алып тастап, қан алған жерге су тигізбеу керек. Екі күн бойы құнарлы тағамдарды тұтынып, күніне 1-2 литр су ішкен абзал. Қанның 4 негізгі тобы бар. Бірінші қан тобы «әмбебап донор» деп аталады. Бұл топтағы адамдардың қанында А және В антигендері жоқ болғандықтан, олардың қаны барлық топтағы адамдарға құюға жарамды. Ал төртінші қан тобы «әмбебап реципиент» саналады. Бұл топтағы адамдар кез келген топтағы қанды қабылдай алады, себебі, олардың қанында антиденелер жоқ. Қан тапсыру тек физикалық дайындықты ғана емес, психологиялық дайындықты да қажет етеді. Донор болу – маңызды әрі жауапты шешім. Бұл істің өмірге деген оң көзқарасты арттырып, адамдарға көмектесу арқылы өз-өзіңізге деген сенімді нығайтатынын ұмытпаңыз. Қан тапсыру – тек жеке мүддені ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті көрсететін игі іс. Донор болған әрбір адам біреудің өмірін құтқара алады. Сондықтан денсаулығы жарамды кез келген азамат бұл игі істе белсенділік танытуы қажет.
– Қан құрамы 5-7 күн ішінде толық қалпына келеді. Бұл кезеңде ағзаға қажетті ақуыз бен дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну керек. Ет, қызылша, қарақұмық, жаңғақ секілді тағамдар гемоглобин деңгейін қалыпқа келтіруге көмектеседі, – дейді Қан тапсыру орталығының қызметкері Роза Сланбекова.
Қан тапсыру – адамгершілік пен қайырымдылықтың ең жарқын үлгісі. Бұл іс сіздің жақыныңыздың немесе бейтаныс адамның өмірін сақтап қалуға көмектесуі мүмкін. Сондықтан өзіңізді де, өзгелерді де осы жауапты қадамға шақырудан тартынбаңыз.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»