«АМЕРИКА ҚАРЖЫЛАНДЫРАТЫН» АЙСҰЛТАН

Айсұлтан Жақыпов десе биліктегілер шамырқанады. Ал, қазнет әр постын асыға күтеді. Ол бірнеше мекемеге байланып, қызмет жасап көрді, бірақ «сөйлеп қалған ауыз» тұрақтатпады. Қазір ол «өзі – би, өзі – қожа».

Жақында Айсұлтан Майқұдықта «Мизамшуақ» атты сергіту орнын ашып алды. Қарапайым таксист қымбат спорттық құрал-жабдыққа толы, ай сайын қомақты жалдау ақысы бар орталықты қалай ашты? Бүгін Айсұлтанның блогерліктен бизнеске өтуге дейінгі құпиясын біліп қайттық.
Өткен жылы Айсұлтан «Internews» халықаралық қорының үш миллион теңгелік грантын ұтып алды. Ол ақшаға дрон, видеокамера сатып алып, «Сүйрік» жобасын дүниеге әкелді.
Ютуб каналындағы атбегі қыздар туралы үш хабары «Интерньюстың» қаржысына дайындалған. «Аңшы Жамал» атты он минуттық бейнебаяны сегіз мыңнан аса қаралым жинаса, ал «Жел жүгендеген Назерке» атты он бес минуттық хабары он бір мыңнан артық қаралым жинапты.
Айсұлтан – әлеуметтік желінің білгірі. Әлеуметті мазалаған тақырыпты дер кезінде дөп тауып, үн қосып отырады. Дегенмен, ол дайындаған бейнетүсірілімдердің тақырыбы «хайпқа» құрылмаса да, көрермен жүрегіне жол тапты.
«Бюджет ақшасына ашылған сайттар мен арналар қаралым жинаудың тәсілдерін меңгермеген. Менің айына екі рет түсірген хабарым, кей БАҚ-тың жылдап жинай алмайтын қаралымын жинайды», — дейді блогер.
Айсұлтан биыл тағы да «Интерньюстың» грантын ұтып алды. 600 мың теңгеге екі хабар түсіреді. Тақырыбы – пандемия кезіндегі дәрігерлік қызмет.
— Осындай түсірілімдерге мемлекеттік тапсырыстар да жарияланып жатады. Бірақ, оларды ұту – неге екенін – мүмкін емес, — дейді Айсұлтан. Есесіне Айсұлтанның тақырыпқа деген «өзгеше» көзқарасына шетелдік ұйым жүгініп, тапсырыс беруде.
Бүгін Айсұлтан зейнет жасындағы адамдарға арнап «Мизамшуақ» атты орталық ашты. Қариялар осы орталықта спортпен тегін шұғылданады, әңгіме-дүкен құрады. Ал, жастарға спорттық сергіту уақыты ақылы болады.

«Орталықтың құрал-жабдығының 80 пайызын демеушілер әперді. Елуден асқан жандар осында келіп, сергіп, шахмат-дойбы ойнап, денелерін ширатып жаттығып, немерелерін ертіп келсе де болады. Ал, жастарға үстел теннисі, тренажерлер ақылы. Мен ғимаратты жалға алған қаржыны жабуым керек. Әрі кез келген жоба монетизациялануы қажет, — дейді Айсұлтан.
«Мизамшуақтың» мекенжайы: Қарағанды, 17 шағынаудан, 47 үй.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

«QH»