АМАНКЕЛДІ ЖАНТАСОВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Ауған соғысының ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы отставкадағы полковник Аманкелді Жантасов  оқушылармен «Әскери патриоттық айлық» аясында онлайн кездесуі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты оқушылардың бойына ерлік, отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау. Дөңгелек үстел барысында Кеңес Үкіметі кезінде аты аңызға айналған Борис Керімбаев туралы бейнеролик көрсетіліп, оқушыларға ел батыры жөнінде мағлұмат айтылды. Өз кезегінде жас патриоттар көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Шара барысында отставкадағы полковник Аманкелді Жантасовтың оқырман арасында ерекше бағалы саналған дүниесі «Қара майор» атанған шығармасы да арқау болған. Сөз соңында мектеп әкімшілігі өз алғыстары мен тілектерін шара қонағына білдіріп, үлкен ғибратты естеліктерге қанық болғандығын жеткізді.
– Өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерліктерін үлгі ету және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапында Отан алдындағы мінсіз қызметтерін абыроймен атқарып жүрген әскери қызметшілерге патриоттық тәрбие беру біздің мектептің оқушылары үшін маңызды деп ойлаймын, – деп өз ойымен бөлісті мектеп тәлімгері Әйгерім Тілейхан.