Ғалымның сара жолы

Тумысынан болмысы тарихқа жақын Темірғали Аршабеков – Қарағанды облысындағы Қаражал қаласының тумасы. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультеті түлегі. Еңбек жолын Абай атындағы Саран педагогикалық училищесінде оқытушылық қызметтен бастаған. Күні бүгінге дейін ғылым саласынан қол үзбей, өткен тарих саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азамат.

Ұстаз ғалымның тұтас Қарағанды облысы, өлкетану, топонимика, шежіре, Сарыарқа аймағының тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі орасан зор. Осы уақытқа дейін аталған бағытта тынбай ізденіп, ауқымды жұмыс атқарып келе жатыр. Атап айтар болсақ, Темірғали Тілеубекұлы – «Сарыарқаның этномәдени зерттеулері (2001-2004 жж.)» бағдарламасын дайындаған авторлардың бірі.

1992 жылдан бері Орталық Қазақстан аймағы бойынша студенттердің далалық этнографиялық экспедициясына жетекшілік етіп келді. 2001 жылы ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Облыстық мәдениет департаментімен бірлесіп ұйымдастырған «Сарыарқа әлемі» экспедициясын басқарды. 2005 жылдан бастап аймақтық Мәдени мұра бағдарламасы бойынша Облыстық мәдениет департаментінің тапсырысымен Ұлытау, Нұра аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу жөніндегі этногафиялық экспедицияға жетекшілік жасады. Ғылыми-зерттеу бағыты – Орталық Қазақстанның діни, ғұрыптық сәулет өнері. «Қарағанды облысының тарихи топонимикасы» атты жобаның жетекшісі. Екі жүзден астам ғылыми мақаланың авторы.

Қашан да шығармашылық ізденісте жүретін Темкең 2012 жылы Астана қаласында ЮНЕСКО ұйғарымымен өткізілген, 11 мемлекет қатынасқан «Мұражайды басқарудың практикалық маңызы» атты семинарға қатысып, тәжірибе жинақтады. Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраларын қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша Жаңаарқа ауданында Сайдалы Сары тоқа, Шоң Телғозыұлы, Ақ Мұстафа мешіті, Сағал кесенелері жөнінде ұсыныстар енгізіп, ғылыми кеңесші болды.

Облыс көлемінде мәдени мұраларды насихаттау барысында өңіріміздің «Saryarqa» телеарнасымен бірлесе «Жаңғырық», «Ізгілік сабағы» «Мәңгілік мұра» атты бірнеше хабарға тікелей эфирде қатысты.

Ғалым еңбегі мадақтаудан еш кенде емес. «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің иегері. Темірғали Аршабеков – бұл күндері Қарағанды облысы ономастикалық комиссиясының мүшесі. Облыстық «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінде өңір тарихына байланысты түрлі тақырыпты зерделеген ғылыми-зерттеу мақалалары жиі жарияланып келеді. Ойындағысымен, білгенімен оқырман қауыммен бөлісіп отыруды дағдыға айналдырған Арқа ғалымының айтулы жетістігі 2021 жылы Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбектің қолынан «Тіл жанашыры» сыйлығын алған кезі болды.

Ғылым жолы – сара жол, қиын жол. Осы екі айрықта Сарыарқа аймағы, Қарағанды облысы тарихын зерттеумен үздіксіз жан-жақты шұғылданып келе жатқан ғалым, университет қабырғасында дәріс берген Темірғали Тілеубекұлы ұстазымызға толағай шығармашылық табыс тілеп, шәкірттік ризашылығымызды білдіреміз.

Дархан УӘЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі