«ҒАЛЫМ. ҚАЙРАТКЕР. ТҰЛҒА»

Биыл Қарағанды қаласы 90 жылдығын атап өтуде. Қазыналы өлке бұл күнге дейін көптеген өзгеріс пен қиындықтарды бастан өткерді, бірақ оның әрбір кезеңі бірегей сәулет, мәдени дәстүрлер мен қоғамдық жетістіктер түрінде тарихта із қалдырды. Жергілікті мұражайлар, ескерткіштер мен тарихи орындар – осының нәтижесі. Бүгінгі таңда Қарағанды – индустриялық жетістіктер мен мәдени мұраны біріктіретін заманауи және қарқынды дамып келе жатқан қала.

Биылғы мерейтойға орай шаһарда түрлі шара ұйымдастырылып, әр сала өз үлгісінде құттықтап жатыр. Қалалық кітапхананың бірінде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректорымен кездесу өтті. Шара Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды. «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» атты кездесудің құрметті қонағына облыс аумағындағы Мұхтар, Ақтас сынды т.б. ауылдардың оқырмандары өлеңдерін оқыды. Нұрлан Орынбасарұлымен университеттер, мектептер мен кітапхана оқырмандары арасында ашық, еркін сұхбат жүргізілді.
– Биыл ең алғашқы рет Қарағандының 90 жылдығына орай «Қарағанды қаласындағы 90 кездесу» атты жобамыз бастау алған. Осы жобаның аясында белгілі профессор, ҚР білім беру жүйесінің құрметті қызметкері Нұрлан Дулатбековпен бүгінгі іс-шарамыз өтіп жатыр. Қаланың дамуына үлес қосқан беделді адамдарымыздың, тұлғаларымыздың өмірі мен жазған еңбектерін осы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа кеңінен насихаттамақпыз, – дейді «Өлкетану» бөлімінің кітапханашысы Махаббат Сәменова.
М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада өткен кездесудің мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, елін, жерін сүюге, ана тілін жақсы білуге және кітап оқуға шақыру. Кеш барысында Нұрлан Орынбасарұлы ұлттық құндылықтарымыз және оны тану жөнінде келелі ойларын ортаға салды. Кітаптың қазіргі замандағы орнын атап өтті.
– Негізгі әңгіменің өзегі осы кітап туралы. Мына балалардың кітапқа құмарлығын қалай оятамыз, оларға кітап не береді деген тақырыпта жалғастырамыз деп ойлаймын. Осы кітапхананың қызметкерлері де: «Өзіңіз жас кезіңізде қандай кітаптар оқыдыңыз, олардың өміріңізге қандай әсері болды?» – деген сұрақтар төңірегінде болса деген. Сондықтан да мен келіп отырмын. Мен үшін үлкен мәртебе. Өз тәжірибем арқылы сіздердің де кітапқа деген құштарлықтарыңызды оятамын деп үміттенемін, – деді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Шара барысында «Тұғыры биік тұлға» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Іс-шара соңында кеш қонағы оқырмандарға алғыс айтып, әсерлі кездесуін қорытындылады.