ҚАЛТАШАЛАР ШЫҒАРУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНСА БИЗНЕС ТОҚЫРАЙДЫ

Жаңа заң жобасы қабылданса 5-10 теңгелік, кейбірі тегін таратылатын полиэтилен пакеттердің орнына био ыдырағыш немесе қағаз қалташалар қолдануға тура келеді. Олардың бағасы кемінде 60-70 теңге шамасында тұруы мүмкін дейді мамандар. Қазақстандықтар ай сайын кемі 40 миллион дана полиэтилен пакет тұтынады.

Пайдаланылған қалташаларды дұрыс жоймаудың салдарынан, олар қоршаған ортада жүздеген жылдар бойы жатып қалады. Кейін экологияға орасан зор кері әсерін тигізеді. Қазір бірқатар әлем елдері полиэтилен пакеттен толық бас тартқан. Ал, Қазақстан 2025 жылға қарай осындай заң қабылдамақ. Бұл мақсатқа қол жеткізу қаншалықты қиын? Бұл бастама негізінен 2019 жылы көтерілді. Ол кезде Экологиялық кодексті дайындап жатқандар ақпаратты былай деп түсіндірген: «Бұл бастаманың қажеттілігі мынада: негізінен полиэтилен пакеттер қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына елеулі зиян келтіреді. Қазақстандағы сыйымдылығы шағын полиэтилен пакеттерді сатуға кезең-кезеңімен тыйым салынады. Бірінші кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға шектеу қойылады. Осы кезеңде халық арасында әсіресе қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына полиэтилен пакеттердің қаншалықты зиян екеніне байланысты кеңінен үгіт жүргізу қажет. Сонымен бірге, баламалы экологиялық қаптама өндірісін ынталандыру мәселесі де шешілуі тиіс. Екінші кезеңде олардың ел аумағында сатылуына толық тыйым салынады. Полиэтилен пакеттерді пайдаланудағы бұл шектеу мәселені жан-жақты әрі егжей-тегжейлі зерттеуден кейін енгізіледі», — делінген.
Бірнеше жүздеген жылдар бойы іріп-шірімейтін, қазір жазиралы дала мен әсем мұхиттардың сорына айналған полиэтилен пакеттер экологтардың бас ауруына айналды. Оны шешудің жалғыз жолы – бұрынғыдай қағаз қапталамаларды пайдалану. Жалпы мамандар қазір кейбір дүкендерде тегін таратылып жатқан полиэтилендерге тиым салу кешенді жұмыстарды қажет етеді дейді. Себебі ол қағаз қалташалардың бағасы едәуір қымбатқа түсуі мүмкін. Қарағандылық Ринат Қағазғалиев есімді азамат аталмыш қаптамалардың 10 мың данасын шығарған. Бұл пилоттық жоба болды дейді ол. Алайда, тұрғындар тарапынан да, кәсіпкерлер тарапынан да қолдау болмапты. Салдарынан кәсібі жабылып қалған. Ал, қағаз қалташа жасау өндірісі қағаз бетіндегі жоспар болып қалған.
Ринат Қағазғалиев өз ісі туралы былай дейді: «Бізде де қағаз қалташаларды тегін тарататындай етіп жағдай жасауға болады. Ол үшін сыртына жарнамалар тапсыратын кәсіпкерлер табу керек. Мысалы АҚШ-та бұл баяғыда жолға қойылған. Егер мемлекет полиэтиленді алып тастау туралы шешім шығарса, адамдардың таным-түсінігі өзгеріп, бірден үйреніп кетер еді. Бірақ біздің қоғам бұған әлі дайын емес сияқты».
Қарағандыда полиэтилен пакет шығаратын 15 шақты кәсіпорын бар. Олардың қазіргі жұмысы жақсы жүріп тұр. Бір айда 3 мың полиэтилен пакет шығарады. Ірі кәсіпорындар мен сауда үйлерінен де тапсырыс бар. Жұмыс бір сәтке болсын тоқтамайды. Тіпті целлофан шығаратын қосымша аппараттарды 60 миллион теңгеге сатып алған. Бүгіні алаңсыз болғанымен, алдағы 4 жылда жағдай қалай болар екен деп елеңдеп отыр. Себебі бір полиэтилен шығаратын зауытты қайтадан қағаз шығаратын етіп модернизациялау үшін кемі 40 миллион теңге қаражат керек. Мұндай өзгерісті бірде-бір шағын бизнес өкілінің қалтасы көтермейді.
Пластикалық пакеттер мен полипропилендердің көбі мұнай мен табиғи газдан жасалған материалдан дайындалады. Ал олардың өндірісі кезінде ауаға тарайтын зиянды химиялық заттар климаттың жаһандық деңгейде өзгеруіне ықпал ететіні ескерілуі керек. Полипропилен толығымен жойылуы үшін 100 жылдан астам уақыт қажет. Пластикалық фрагменттер полихлорланған бифенилдер мен полициклді көмірсутектер сияқты зиянды заттар бөледі. Осылайша, пластикалық пакеттер қоршаған ортаны ластайды. Жеңіл болғандықтан, пластикалық пакеттер жел мен су арқылы тасымалдана береді. Бұл ретте қалалар мен жағалау аймақтары ерекше ластанып жатқанын айта кету керек.
Экология министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар саны 150-ге дейін артқан. Ал 2016 жылы ондай компаниялардың саны 115 болыпты.
Қарағандыда полиэтилен шығаратын ірі кәсіпорынның қожайыны Ренат Минхаиров – аталған заңнама қабылданған күннің өзінде бірден нәтижелі боларына сенбейді. Керісінше жалған сертификат алып, көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көбейе ме деп алаңдаулы. Себебі шынтуайтына келгенде оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Целлофан, пакет шығарушылар «био жойылғыш» пакет шығарып жатырмыз деп, ал анығында кәдімгі пакеттерді шығара беруі мүмкін. Сондықтан бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізу керек деген пікірде. Оның сөзінше бұл мәселеден шығудың жалғыз жолы – полимер матери- алдарды дұрыс жоюды ойлап табу керек. Әйтпесес, ертең кез-келген өндіруші өзінің тауарын басқа материалдарға қаптайтын болады. Ал, ол тіпті жойылмайтын болып шығады. Салдарынан біз целлофандарды көз алдымыздан жоқ қылғанымен, қоршаған ортаға одан көп зиян әкелетін тауармен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Қазақстанда өткен жылы 300 мың тонна пластик қалдықтары шығарылса, соның үш пайызы ғана қайта өңделген. «Биыл пластиктерді қоқыс полигонына көмуге тиым салынғандықтан олардан құтылу тіпті қиындап барады»-дейді маман. Сондықтан ол елде полиэтиленді дұрыс жою не болмаса био-ыдырағыш пакеттердің қолданыс аясын кеңейту керек деп есептейді.
Ал, белгілі экобелсенді Дмитрий Калмыковтың айтуынша қазір әлемнің 127 елі пластиктен бас тартқан. 30 мемлекетте пластикалық пакеттер ақылы түрде беріледі. Біздің елде де бірінші кезекте осы үрдісті енгізу керек деп есептейді. Оның ойынша тегін дүниені адамдар қашанда көптеп қарпып қалғысы келеді. Салдарынан ол да қоқыс көлемін ұлғайтады. Заң жобасын қабылдамас бұрын әр ұсақ деталді назарға алған жөн деп отыр.
Бұл тарапта тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама да халықтың заң жобасын қолдайтынын көрсетті.
Алмас есімді қарағандылық тұрғын «Целлофандар экологияны құртады деп жатыр, экологияны жақсарту керек. Егер тыйым салса, бұрынғыдай шүберектен көп реттік дорба тігіп аламыз» — десе, Татьяна есімді жерлесіміз бұл үрдіс Еуропа елдеріне әлдеқашан енгізілгенін айтып, экология үшін артық ақша жұмсауға кет әрі емес екенін айтады. Әлемнің шығынсыз өндіріске көшуін құптайды.
Атап өткен жөн, Қарағандыда қазір ірілі-ұсақ полиэтилен пакет шығаратын оншақты кәсіпорын бар. Олардың әр-бірі нарықта 5-10 жылдап жұмыс істеп келеді. Ал, ірі компания басшысы Ренат Минхаиров болса, егер экология министрлігі аталған заң жобасын ұсынып, ол қабылданатын болса, бірқатар компанияның есігіне құлып салынарына сенімді.

Расул МҰХАММЕД,

«QN»