Қалта ұрлығы азаяр емес

«Ұсталмаған ұры емес» демекші, дәл оқиға сәтінде тұтылатындар аз да, айласын асырып құтылатындар көп. Биылғы 10 айдың өзінде Қарағанды қаласы бойынша 363 қалта ұрлығы тіркелген. Оның 307 оқиғасы қоғамдық көліктерде болса, 23 факт базарлар мен сауда үйлерінде, 33 жағдай әр түрлі жерде орын алған. Бұл – ішкі істер органдарына келіп шағымданған жәбірленушілер арқылы анықталған сан. Ал қаржысын қымқыртып, ұялы телефонын ұрлатып, алайда арызданбаған жан қаншама.

Қалта ұрылары көбіне қоғамдық көліктерде таңертеңгілік жұрт жұмысқа асыққанда немесе кешкілік жұрт үйіне иін тіресіп қайтқанда жүреді. Сондай-ақ емханаларда кезекпен, басқа да себеппен есі шығып жүрген аңғал жандарды аңдып, солардан жеңіл пайда табады. Қарағанды қаласы Полиция басқармасы басшысының орынбасары Әубәкіров Ескендір Аманжолұлының айтуынша, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатындар жекелеп жүріп те, екеулеп жүріп те ебін тауып жатады екен.

«Көп жағдайда қылмыс құрбаны болғандар оқиғаның дәл қашан болғанын біле бермейді. Өйткені дәніккен қулардың қимылын аңғару мүмкін емес. Олар адам көп жүретін жерлерде арнайы тактикамен әрекет етеді. Мысалы, екі ұры болса, әуелі болашақ жәбірленушіні анықтап алады. Бірі алдынан, бірі артынан келіп, сығылысқан халық арасынан өткен қарапайым адам болып санаулы секунд ішінде қалтадағыны қымқырып, артынша із суытып үлгереді. Көп жағдайда оқиға үстінде ұстау мүмкін емес. Қарағанды қаласы бойынша ішкі істер органында қалта ұрысы деген санатта әрекеті дәлелденген 10 адам есепте тұр. Ал жасалып жатқан қымқыру оқиғасы жүздеп кездеседі. Бұдан шығар қорытынды – қалта сұғанақтарының қылмысын әшкерелеу қиын».

Қалта ұрлығына қатысты 100 қылмыс болса, соның 95-інде зардап шегуші – әйел адам немесе кәмелетке толмаған бала болады екен. Ал қолды болатын заттар – көбіне әмиян мен ұялы телефон. Ұялы телефонды арнайы жеке коды арқылы табуға болатынын білетін қулар оны бөлшектеп сатады. Бұл орайда да полиция өзіндік әрекет қылып ұялы телефон сатып алатын, сататын, жөндейтін кәсіпкерлермен келісім жасап, бөлшек құрал алудың қылмысты жасыру екенін ескерткен болатын. Сол үшін бөлшектеп ұялы телефон әкелетіндерден толық дерек, қолхат алу керегі айтылған. Алайда бұл ұсыныстан нәтиже шамалы. Дегенмен ұрылардың да ұтылар тұсы болады. Қарағанды қаласының Полиция басқармасындағы жедел іздестіру тобындағы 15 адам сол үшін қызмет қылады. Олар қоғамдық көліктерде, аялдамаларда жұмыс атқарады. Алайда заңнама талаптары осалдау болып тұр. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, бірнеше рет немесе аса ірі мөлшерде ұрлық жасамаған адамға қатаң жаза (қамау) қолданыла қоймайды. Мұны жақсы білетін қалта ұрылары тайраң басып жүреді. Ұры екі рет ұсталмайынша, оны қамауға алу шарасы қарастырылмаған. Яғни ауыр қылмыс болып саналмайды. Бөтеннің мүлкін жымқырушыларға жаза жеңіл. Ұры 2-3 рет оқиға сәтінде ұсталса ғана 2-5 жыл аралағында қамауға алынуы мүмкін. Ең сорақысы – сол: қалта ұрлығымен айналысатын әйел адамдар да бар. Өткен аптада ғана полиция қызметкерлері өзгенің қалтасын тінтіп пайда тауып жүрген жүкті азаматшаны құрықтаған. Сол себепті аңғалдарды аямайтын суыққол сұғанақтардан сақтану үшін құнды мүлік, қомақты қаржыны сөмкеге немесе сырт қалтаға салмау керек.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»