Алаштың Ахметі

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Алаштың Ахметі» атты облыстық құрылтай өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған құрылтайда ұлт ұстазы, көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына негізделген ауқымды іс-шаралар барысы айтылды.

«Алаштың Ахметі» облыстық құрылтайына Алматы қаласы мен Қарағанды өңірінің ахметтанушы, алаштанушы ғалымдары және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп альянстарының өкілдері, сонымен қоса Ахмет Байтұрсынұлы музей үйінің директоры қатысты.

Онлайн форматта өткізілген құрылтайды ұйымдастыруға Білім басқармасы мен Облыстық оқу-әдістемелік орталығы ұйытқы болған. Құрылтай өткізудегі мақсат — ұлтымыздың ұлы ұстазы атанған ағартушы ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық, ғылыми- педагогикалық мұрасын насихаттау. Мүдделес ғалымдар бас қосқан жиында Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімі, әдебиет теориясына негізделген еңбектері талқыланды. Ұлты үшін күрескен ғалымның жалпы еңбегі, қайраткерлік болмысы турасында да біршама тың мағлұматтар айтылды. Құрылтайдың артықшылығы — сол: осы шара бастауымен Білім беру басқармасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына негізделген облыстық іс-шараларға старт берді. Ендігіде әр ай сайын білім беру ұйымдары тарапынан ұлт ұстазын ұлықтауға бағытталған шаралар жалғасын таппақ. Ал қазан айында А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрасы өткізіледі. 5–16 қыркүйек аралығында «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты Тілдер күніне арналған онкүндік шара ұйымдастырылып, желтоқсан айында «Тіл білімінің атасы» деген тақырыпта облыстық ғылыми конференциямен Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойына негізделген іс-шараларды тәмамдау жоспарланып отыр.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»