Алаш рухы мәңгі жадымызда

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аясында ел тарихында өшпес із қалдырған Алаш қайраткерлерінің мұрасын дәріптеуге арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осыған орай Қарағанды облысынан бір топ зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері Ақтоғай өңіріне арнайы танымдық сапар жасап, ұлт тарихында ерекше орны бар тұлғалардың өмір жолы мен рухани мұрасымен танысты. Қазақстанда бұл күн тоталитарлық жүйенің құрбаны болған азаматтарды еске алып, тарихи әділеттілікті жаңғырту мақсатында аталып өтеді. Тарихи деректер бойынша өткен ғасырда Қазақстанда жүз мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, олардың ондаған мыңы ату жазасына кесілген. Жазықсыз жапа шеккендердің қатарында Алаш қозғалысының көптеген қайраткерлері де болды.

Танымдық сапардың бастамашысы болған «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл жолғы шараны Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтың мерейтойлық күндерімен сабақтастыра ұйымдастырған. Сапар алдымен Қарағанды қаласындағы мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Әлімхан Ермековтің зиратына тағзым етуден басталып, кейін тарихи мекендерге жалғасты.

Ақтоғай жеріндегі тарихи орындарды аралау барысында қатысушыларға өңір тарихын терең білетін өлкетанушы, Әлихан Бөкейхан мұрасын ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан Тұңғышбай Мұқаш жолбасшылық жасады. Алғашқы аялдама Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан дүниеге келген өңірдегі атақоныс аумағында болды.

Өлкетанушының айтуынша, Желтау бөктеріндегі бұл мекен Әлихан Бөкейханның ата-бабалары қоныстанған тарихи орындардың бірі. Осындағы Рүстем мен Мырзатай төрелердің қыстаулары және Нұрмұхамедке арнап салынған қоныс қазақ тарихындағы аса маңызды тұлғаның өмірге келуімен тығыз байланысты.

Қатысушылар Алаш қайраткерінің туған өлкесіне тағзым етіп қана қоймай, оның әке-шешесі жерленген орынға арнайы барып, рухтарына құран бағыштады. Бұдан кейін сапар бағыты Желтау өңіріндегі тарихи орындарға жалғасып, жиналған қауым Әлихан Бөкейхан жиі болған деген тарихи төбеде болып, Ақсораң сілемдерін тамашалады. Сонымен қатар өңір аумағындағы қола және тас дәуірінен сақталған балбал тастар мен көне таңбалар туралы мағлұмат алып, қазақ даласының сан ғасырлық тарихымен танысты.

Бағдарлама аясында ел аузында әулиелігімен қалған Сеңгірбай батырдың кесенесіне де арнайы барып, батыр рухына тағзым жасалды. Өлкетанушылардың айтуынша, Сеңгірбай баба халық арасында көріпкелдігімен, емшілік қасиетімен танылып, Қаракесек руының көші-қоны кезінде жол бастаушы тұлғалардың бірі болған.

Тағылымды сапарға қоғам және мәдениет саласының белгілі өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесінің хатшысы Берік Сәлімжанұлы, партия төрағасының өңірлік жұмыс жөніндегі орынбасары, Мәжіліс депутаты Серік Сәрсенұлы, белгілі актер Әбунасыр Серіков, өнер қайраткері Нұрсәт Алмасұлы, заң ғылымдарының кандидаты Алмас Садықов және өзге де азаматтар болды. Қатысушылар Алаш мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызы, ұлттық сананы жаңғырту және тарихи жадыны сақтау мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Сондай-ақ шараның ұйымдастырылуына «Ақ жол» партиясының жанындағы «Ақжол арулары» әйелдер қанаты мен Жастар қанатының белсенділері атсалысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамаларға қолдау көрсетті.

Таңертең басталған рухани-танымдық сапар Ақтоғай аудандық музейінде қорытындыланды. Мұнда келушілер Алаш қозғалысының тарихына қатысты құнды жәдігерлермен танысып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан пайдаланған арбаны көрді. Сонымен қатар аудан әкімдігі өкілдері биыл өңірде «Алаш үйі» тарихи-танымдық кешенінің ашылуы жоспарланып отырғанын жеткізді.

Ұлт тарихының күрделі кезеңдерін еске алып, Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі жолындағы қызметін насихаттауға арналған бұл сапар қатысушыларға Сарыарқаның сайын даласына сіңген тарихи мұраны тереңірек тануға мүмкіндік беріп, өткен мен бүгіннің арасындағы рухани сабақтастықты тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Ералы ҒАНИ,

«QH»