Қаламгермен кездесу өтті

Астанада қарағандылық аудармашы, журналист Рымбала Смаиловамен «Аманат арқалаған ана» атты шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында автордың жаңа кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандармен еркін пікір алмасу өтті. Шараға қатысушылар жазушының шығармашылығы туралы ой бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

Әдеби жиын Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. Шарада Рымбала Смаилованың жары, журналист Марал Хасен, қаламгердің соңында қалған шығармаларының таңдаулыларын ресми түрде кітапхана қорына өткізгенін атап өтті. Кездесу барысында Рымбала Кенжебайқызының аударма саласындағы еңбегі, журналистикадағы тәжірибесі мен шығармашылық жолы туралы тағылымды әңгімелер айтылды. Сонымен қатар, Ұлттық кітапхана қорында сақталған аудармашының жарық көрген еңбектері мен естеліктері де ерекше назарға ұсынылды.

– Мен биыл 80 жасқа толдым. Осыған байланысты артымдағы бала-шаға мен немерелеріме тағы бір туынды қалдырғым келді. Кітапты өз ұлым редакциялады. Шығарманы аудару оңай болмағандықтан, көптеген редакторлар оны редакциялаудан бас тартқан еді. Ал бүгін, міне, ұлттық академиялық кітапханада оның тұсаукесері ұйымдастырылып отыр, – деді аудармашы, журналист Рымбала Смаилова.

Әдеби шарада француз жазушысы Виктор Гюгоның «Париждегі Нотр-Дам соборы» шығармасының қазақ тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. Қатысушылардың пікірінше, әлем әдебиетінің шедеврі саналатын бұл туындының қазақ тілінде жарық көруі ұлттық әдеби кеңістікті одан әрі байыта түседі.

– Оның негізгі мамандығы – физика мен математика. Дегенмен, оның жолдасы Марал Хасен елге танымал журналист болды, мен де сол кісінің шәкіртімін. Марал Хасен аудандық газеттерде редакторлық қызмет атқарған, ал Мәскеуде оқығандықтан екі тілді де бірдей меңгерген,  – дейді журналист Мағжан Садыхан.

Шараның соңында Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітова Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Алидің алғысхатын табыс етті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»