Қалалық мектептің жетістіктері мен даму жолы
Қарағанды қаласындағы білім беру мекемелері арасында Григорий Потанин атындағы мектеп өзінің тарихи-танымдық жобаларымен және білім саласындағы айрықша жетістіктерімен ерекше орын алады. Мектеп ұжымы ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуда ауқымды жұмыстар атқаруда.
2020-2021 оқу жылында мектеп қабырғасында «Ұлыларды ұлықтау: Григорий Потанин әлеміне саяхат» атты жоба іске қосылған. Бұл жоба оқушыларға тарихи тұлғалар мен олардың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі туралы терең түсінік беруді мақсат етті. Жоба жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назым Мейірбек, оқушылар мен ұстаздардың белсенді қатысуымен көптеген маңызды шараны ұйымдастырды. 2021 жылдың ақпан айында мектепте Григорий Потанин мен қазақ зиялыларына арналған музей ашылды. Бұл музей оқушылардың тарихи-мәдени мұраларға қызығушылығын арттырып, шығармашылық жұмыстарын насихаттау алаңына айналды. Экспонаттар жыл сайын ұстаздар мен оқушылардың ізденістерімен толықтырылуда.
Мектеп ғылыми бағыттағы жұмыстарда да белсенділік танытуда. 2021 жылдың мамыр айында Қарағанды қаласының білім бөлімі қолдауымен «Қазақтың жоқтаушысы» және «Ар ұждан батыры» атты конференция өткізілді. Ал 2022 жылдың сәуір айында халықаралық дәрежедегі «Сібірдің құрметті азаматы» атты конференция ұйымдастырылып, оған Қазақстанның және шетелдердің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Конференция қорытындысында Потанин оқуларын дәстүрлі түрде мектеп қабырғасында өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл бастама оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етті. 2022 жылдың 5 қазанында мектепке Григорий Потанин есімі берілді.
Сонымен қатар мектеп ұжымы 2023 жылдан бастап Қарағанды қаласы күні қарсаңында «Қарағандым – туған жерім» атты байқауды дәстүрлі түрде өткізуде. Қала мектептері бұл байқауға үлкен қызығушылықпен қатысып келеді. Байқау тарих пен шығармашылықты ұштастырып, жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруды көздейді. 2024 жылдың қараша айында бұл байқау Қарағанды облыстық білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығында әдістемелік қорғаудан өтіп, облыстық деңгейге көтерілді.
Сол жылы мектепте абайтану кабинеті ашылды. Бұл кабинетте қазақ халқының рухани-мәдени мұраларын насихаттайтын жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, мектепте қолөнер, домбыра, және басқа да ұлттық аспаптар үйірмелері белсенді жұмыс істеуде. Ұлттық өнер арқылы оқушылардың патриоттық рухын оятып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға ерекше назар аударылып отыр. Григорий Потанин атындағы мектеп ұжымы білім беру мен тәрбиелеу саласында жаңа белестерге жетіп, оқушыларды ұлттық және тарихи құндылықтарға баулуда. Мектеп директоры Роза Жаскенқызының жетекшілігімен білім ошағы өзінің айрықша бағыт-бағдарын сақтап, өңірдегі ең танымал мектептердің біріне айналды.
Құралай КӨБЕНОВА,
QH