Қалада қылмыс азайды

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімовтің төрағалығымен Қарағанды қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Жиында Қарағанды қаласындағы абаттандыру мәселесі мен криминогендік жағдайлар талқыланды.

Қалалық полиция басқармасының басшысы Думан Қожахметов жыл басынан бері тіркелген құқықбұзушылық жағдайлар туралы баяндады.

– Қылмыспен күресті күшейту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мақсатты шаралар қабылданды. Облыс бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтардың 48,7 пайызы Қарағанды қаласында орын алған. Патрульдық полиция жұмысының арқасында қарақшылық шабуылдардың саны 28,6 пайызға, тонау 43,8 пайызға, бұзақылық 15,2 пайызға қысқарды, ұрлық саны 66,7 пайызға төмендеді, – деді басқарма басшысы.

Думан Қожахметовтің айтуынша, бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 128 қылмыс ашылып, 9 638 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Қазір қалада жол қиылыстарында 4 487 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда және оқу орындарының жанында да бақылау камералары бар.

– Интернет-алаяқтық саны 20,3 пайызға төмендеді. Басқарма аталған барлық қылмыс түрі бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізеді: қаланың барлық кинотеатрында арнайы дайындалған бейнероликтер тұрақты трансляцияланады, ақпарат құралдарымен де тығыз жұмыс істейміз, – деп атап өтті Қожахметов.

Депутаттарды «әкімшілік құқықбұзушылықтардан өндірілген қаражат қанша?» деген сауал қызықтырды.

Полиция басқармасының басшысы 11 470 қаулымен 153 миллион 47 мың теңге өндірілгенін айтты.

Сонымен қатар сессияда Қазыбек би атындағы аудан әкімі Эльдар Дүйсетаев та баяндама жасады. Депутаттар ауданды жарықтандыру мәселесіне баса назар аударды.

– Аудан бойынша барлығы 3 663 көше, оның 115-і және 311 аула аумағы жарықтандырылды. Биыл 30 аула аумағында жарық бағаналарын орнату жоспарлануда, – деді Эльдар Дүйсетаев.

Депутат Борис Зорин политехникалық университеттен Нүркен Әбдіров даңғылына дейінгі жарықтандыру нашар екенін алға тартып, мәселенің қашан шешілетінін сұрады.

– Жарықдиодты шамдар орнату қажет. Тиісті шаралар жүргізіліп жатыр, – деп жауап қатты аудан әкімі.

Оған қоса жиында Қазыбек би атындағы ауданда алты футбол алаңы орнатылып, 13 аула жөндеуден өтетіні белгілі болды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»