Қала тынысы қылқалам мен камерада
Қарағандыда өнерсүйер қауым үшін мазмұнды мәдени кеш өтті. Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Қарағанды вернисажы» жобасы аясында бірден екі ерекше көрменің тұсауы кесілді. Бір экспозиция шаһардың 24 сағат ішіндегі тыныс-тіршілігін фотосуреттер арқылы көрсетсе, екіншісіне ерекше даму қажеттіліктері бар балалардың қиялынан туған шығармалар қойылды.
Қос көрмені қалалық әкімдік пен Облыстық кәсіпкерлер ассоциациясы ұйымдастырған. Шараның басты ерекшелігі – бір кеңістікте кәсіби фотографтардың еңбегі мен жас суретшілердің балғын туындыларының тоғысуы.
– Бүгін көрермен назарына 100-ден астам жұмысты ұсынып отырмыз. Бұл – бір күннің ішінде түсірілген фотосуреттер арқылы Қарағандының тыныс-тіршілігін көрсетуге бағытталған жоба. Қалада таң атқаннан түнге дейін не болып жатқанын бір фотокөрме арқылы жеткізуді мақсат еттік, – дейді жоба үйлестірушісі Серік Санаубаев.
«Қала өмірінің бір күні» деп аталатын фотожоба – Қарағандының күнделікті тіршілігін өзгеше қырынан танытатын шығармашылық бастама. Тамыздың 7-сі күні түнгі сағат 00:00-ден басталған түсірілімге кәсіби фотографтармен қатар, әуесқой тұрғындар да қатысты. Олар қаланың әр бұрышына барып, бір тәулік ішінде болған түрлі оқиғалар мен сәттерді объективке түсірді.
Фотосуреттерден таңғы қаланың тыныштығын, жұмысқа асыққан тұрғындарды, өндіріс орындарындағы еңбек көріністерін, көшелердегі қозғалысты, мәдени және қоғамдық шараларды, кешкі қаланың келбетін көруге болады. Осылайша бір тәулік Қарағандының тұтас бір шежіресіне айналған.
– Жобаның мақсаты – Қарағандыны тек ғимараттары немесе өндірісі арқылы емес, оның күнделікті өмірі арқылы көрсету. Әр фотограф қаланың өзіне жақын бір сәтін таңдады. Біреуі еңбек адамын түсірсе, енді бірі көшедегі қарапайым көріністі немесе қаланың кешкі тынысын таспалаған. Соның бәрі бірігіп, Қарағандының бір күндік бейнесін қалыптастырды, – дейді Серік Санаубаев.
Көрмеге келген қала тұрғындары үшін де қос экспозицияның әсері ерекше болды.
– Екі залдағы жұмыстардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Фотосуреттерден қаланың күнделікті өмірін көрсең, балалардың суреттерінен олардың қиялы мен дүниені өзінше қабылдайтынын байқауға болады. Маған әсіресе ерекше балалардың жұмыстары ұнады. Өте шынайы әрі әдемі салынған. Осындай көрмелердің жиі ұйымдастырылғанын қалаймын, – дейді қала тұрғыны Диана Бекет.
Көрменің екінші бөлігі қылқалам шеберлерінің шығармашылығына арналған байқау жұмыстарын қамтыды. Астана күніне орай Орталық саябақта өткен суретшілер сайысында қатысушылар «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Ұлы дала мұрасы» тақырыптарын өз шығармаларына арқау еткен.
Байқау қорытындысында үздік деп танылған жұмыстармен бірге ерекше даму қажеттіліктері бар балалардың салған суреттері де көпшілік назарына ұсынылды. Балалардың шығармаларынан туған өлке, табиғат, отбасы, достық және жарқын болашақ туралы өзіндік көзқарастарын аңғаруға болады.
– 6 шілде күні балаларға арналған шығармашылық байқау өткіздік. Балалар өздерінің қиялындағы әлемді қағаз бетіне түсірді. Бүгін сол жұмыстарды үлкен көрмеге шығарып, көпшілікке ұсынудың өзі біз үшін маңызды. Өйткені олардың шығармашылығын қолдау – қоғамдағы әр баланың өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді жоба үйлестірушісі.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – бұған дейін кәсіби галереяларда шығармасы көрсетілмеген әуесқой фотографтар мен жас суретшілерге өз еңбегін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берілгені.
Өнер – адамның ішкі әлемін жеткізудің ерекше тілі. Ал туған қаланың тынысын фотосурет арқылы көрсету немесе баланың қиялын қылқаламмен бейнелеу – сол мекенге деген сүйіспеншіліктің өзіндік көрінісі.
«Қарағанды вернисажы» жобасы аясындағы қос көрме осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір залда – бір тәуліктің шежіресіне айналған қала көріністері, екінші залда – балғын қиял мен таза сезімнен туған суреттер. Екеуін біріктіретін ортақ дүние – Қарағандыға деген сүйіспеншілік.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

