Қала қолжетімді болуы керек
Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев әлеуметтік маңызды барлық нысанның мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты қолжетімді екенін тексеруді тапсырды. Мемлекеттік мекемелерге қатысты жұмыс жүргізілуде. Мораторийге қарамастан жеке нысандар да өтініш бойынша тексеріледі.
Бүгінгі таңда облыста 55 мыңнан астам мүгедек адам тұрады, оның 4 864-і – бала. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі кезекті кеңесте білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қалалық ортаның қолжетімділігі салаларындағы ең өзекті мәселелер талқыланды.
– Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығында өткен соңғы кездесуде 24 мәселе анықталды. Олардың ішінде оңалту құралдарын пайдалану мерзімдерін қысқарту, зейнеткерлік жастағы мүгедектерді ноутбуктармен, оқу машиналарымен, телефондармен қамтамасыз ету бар. Осы және басқа да көптеген мәселені шешу үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет. Біз сұрақтарды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.
Ten Qogam орталығының филиалдарын облыстың басқа қалаларында ашу жоспарда бар. Бүгінде бұл алаң өзін билік өкілдерінің мүгедек адамдармен сындарлы диалогі үшін қолданыстағы тиімді құрылымдардың бірі ретінде көрсетті.
Облыс әкімі қоғамдық орындардың қолжетімділігі туралы мәселе көтерді.
– Қоғамдық орындар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелері, сауда орталықтары – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік және жеке ұйымдардың тізімдерін жасаңыздар және «бұрын – қазір» қалай болғаны жайлы фотоесеп талап етіңіздер! Әкімдерге бұл жұмысты айына бір рет жүргізуді ұсынамын. Сонда ғана нәтиже болады, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев.
Сондай-ақ өңір басшысы саябақтарда өтетін қалалық мерекелерге мүгедек балалар мен ересектерді жұмылдыруға тапсырма берді. Іс-шараларды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді және қызықты болатындай етіп ұйымдастыруды тапсырды.