Қала әкімі тұрғындарды қабылдайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы бойынша есептік кездесулердің форматы өзгерген-ді. Енді облыстық және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері бұрынғыдай жылына 1 мәрте емес, алты ай сайын тұрғындармен кездесіп, оларды алаңдатқан мәселелерге жауап беруі тиіс.

Енгізілген өзгерістерге орай әкімдер халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысуға міндетті. Кездесулер көшпелі форматта ұйымдастырылады. Яғни қала басшылары барлық ауданды аралап, тұрғындарды толық қамтуы тиіс. Ал үлкен қалаларды басқарып отырған азаматтар аудан тұрғындарымен тоқсанына бір мәрте дидарласады.

Осы орайда Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 9 және 11 тамызда халықпен кездесу өткізетінін хабарлаймыз.

Қала әкімі тоғызыншы тамыз күні сағат 15:00-де «Теміржолшылар» мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстардың есебін береді және халықтың талап-арыздарын қабылдайды. Сонымен қатар дәл осындай кездесу 11 тамыз күні сағат 15:00-де «Жалпы білім беретін Ғабиден Мұстафин атындағы мектеп» КММ ғимаратында да өтпек. Кездесуден кейін әкім тұрғындарды жеке қабылдайды. Барлық сұрақ бойынша 42-57-09 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Өз тілшімізден