Алғашқы Жарлық – ауыл ахуалы

Өткен аптаның соңында Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Бекітілген тәртіп бойынша, жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. Осыдан соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Президент куәлігін табыстады. Ант беру рәсімінен соң Мемлекет басшысы баяндама жасап, сайлауды түйіндеді және алда атқарылар жұмыстардың барысына тоқталды.

Сөз басын:

– Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма бағасы, алдағы жоспарыма батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер-азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік, – деп бастаған Президент саяси науқанға белсене атсалысқан барлық азаматқа алғысын білдірді. Әйтсе де дәл қазір жеңісті тойлап, арқаны кеңге салар заман емесін де еске салып өтті. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Оның ішінде әділетті Қазақстан құру бастамасын жүзеге асыру қазірден-ақ қарқын алуы тиіс. Сондай-ақ көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмады. Ең маңыздыларының бірі – ауыл жайы.

Иә, қазақтың кіндігі ауылда. Ауыл – ұлттық құндылықтар сақталған алтын бесік қана емес, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі де түсінген жанға. Сондықтан бұл мәселе билік назарында болып, дер кезінде ұтымды шешімдер қабылдануы керек. Мұны Мемлекет басшысы да атап өтті.

– «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деген Президент бұл Жарлықтың осы қызметке кіріскенде қол қоятын алғашқы құжаты боларын да тілге тиек етіп өтті. Мұны да жақсылыққа балап қойдық.

Келесі бір маңызды мәселе – Қазақстанның ен байлығын есепсіз ұрлап шетел асырған қулардың жолын кесу, жатқа кеткен мол дүниені кері қайтарып, ел игілігіне жұмсау жайы.

– Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын, – деді Президент.

Бұл ретте шетел асқан активтерді кері қайтару мәселесі бойынша арнайы заң жобасы әзірленбек.

Әрине, Қазақстанның асты мен үсті тұнған қазына. Оның қызығын бір дәуірде отаршылдар көрді. Ал тәуелсіздік алған соң елге қызмет етеді-ау, халықтың әлеуетін арттыруға үлес қосады деп сенген жандар талан-таражға салды. Әйтсе де оның да тоқтауы бар екен. Енді ен байлықты шетел асырғандардың әрекеті анықталып, кері қайтарылады. Бұл да ел экономикасына серпін беріп, бұқараның әлеуметтік ахуалын арттырары анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»