Алғашқы экоавтобус жолға шықты

Қарағандыды алғашқы экоавтобус жолға шықты. Енді ол бір ай бойы жолаушыларды ьегін тасымалдамақ. Саран қаласындағы зауытта жиналған бұл қоғамдық көлік тек тоқпен жүреді, сәйкесінше қоршаған ортаны ластамайды.

«Жылдамдығы сағатына 70 шақырым», — дейді жүргізуші. Ішіне шамамен 30-ға жуық адам сияды екен. Ал толық қуатталған аккумуляторы 280 шақырымға жетеді. Әзірге сынақ түрінде жалғыз көлік жасалған. Егер автопарк тарапынан тапсырыс болса, көп мөлшерде өндіруге кәсіпорын қуаты жеткілікті. Алайда бағасы 120 миллион теңге тұрады. Сондықтан бұл экологиялық жағынан тиімді болғанмен, жол ақысының өсуіне ықпал етуі мүмкін. Аталған автобус жолаушылардың көңілінен шықты.

Қала тұрғыны Нұрсәулеш Бекбайқызы «Қазір экологиялық проблема өзекті болып, ауа ластанып жатқан кезде мұндай автобус заман талабы және сұранысы. Қоғамдық көліктің іші де жолаушыларға өте ыңғайлы. Сондықтан алдағы уақытта осындай автобустардың саны артуы керек деп есептеймін» — дейді.

Ал, өңірдегі алғашқы электроавтоусты тізгіндеп отырған Амангелді Ахметов болса көлікті толық бір қуаттап алған соң, Саран қаласының ішінде 1 апта бойы жүргенін хабарлады. Көліктің жүрісі де жеңіл екен. Кондиционер мен пеш тоқ жұмсамайды деді. Олар басқа сұйықтықпен істейді екен.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.