Қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған жан
Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар азамат қайырымдылық істерімен көпке үлгі болып жүр. Дос Төлегенов туа біткен сал ауруына шалдыққан. Соған қарамастан, ол бала кезінен тұрмыстық техника жөндеуді меңгеріп, оны табыс көзіне айналдырған. Бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған ол мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, игі бастамалардың ұйытқысы болып келеді. Қайырымдылықты өмірінің бір бөлігіне айналдырған азаматтың еңбегі көпшілікке жігер береді.
Дос Төлегенов табиғи қабілетінің арқасында тұрмыстық техниканы жөндеуді меңгеріп, өз цехын ашқан. Бүгінде кәсібінен нәпақа тауып, үш баласын тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар ол қайырымдылық шараларына белсене қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға тұрмыстық техника тарту етуді дәстүрге айналдырған. Биыл кәсіпкер Алғабас ауылындағы екі көпбалалы шаңыраққа теледидар сыйлады. Ал жалғызбасты ана Надежда Маймуратова бұл сыйлықтың әсіресе күннің суық мезгілінде үйде отырған бес баласы үшін үлкен қуаныш болғанын жеткізді.
– Мен бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын, сондықтан кез келген қолдау біз үшін өте маңызды. Теледидар сыйға тартылғанда балаларымның қуанышында шек болмады, әсіресе күн суытып, үйден көп шыға алмай отырған кезде бұл бізге үлкен демеу болды. Осындай қайырымды жандардың бар екені жүрекке жылу береді, көрсетілген қамқорлық үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – дейді Алғабас ауылының тұрғыны Надежда Маймуратова.
Ол аудандық ауруханаға кабельдік желіні жүргізіп, ғимарат ішінде ұялы байланысты жақсарту үшін арнайы қондырғы орнатты. Сондай-ақ Нұра кентіндегі қарттар үйіне теледидар сыйлады және мұндағы істен шыққан тұрмыстық техникаларды тегін жөндеп берді.
– Біздің қарттар үйінде техника мен байланыс жүйесін жақсарту өте қажет еді, сондықтан бұл сыйлықтар мен қондырғылар біз үшін аса маңызды. Олар тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, күнделікті өмірін әлдеқайда ыңғайлы етті, осындай қолдауға шын жүректен ризамыз, – дейді қарттар үйінің директоры Гүлнәр Сәттіғұл.
Дос Төлегенов алғаш 15 жасында радио қабылдағышты жөндеуді үйреніп, содан кәсібін бастаған. Қазіргі таңда Қарағанды мен Астана тұрғындары істен шыққан тұрмыстық техниканы осынау цехқа әкеледі. Жөнделмейтін техника өте сирек кездеседі. Шебер сонымен қатар көліктің электр жүйесін жөндейтін автошеберхана да ашқан. Әкесіне үлкен ұлы қолғабыс көрсетеді. Ал Нұрасыл да жасынан техника тілін үйреніп, қазір өз кәсібін дамытып, өзіне лайықты ірі кәсіпке қол жеткізді.
– Мен бала кезімнен техниканы жөндеуді жақсы көріп өстім, бұл қабілетім кейін кәсібіме айналды. Қазір әр істен шыққан техниканы қалпына келтіріп, адамдарға көмектескенде ерекше қанағат сеземін, ең бастысы, бұл жұмысым арқылы отбасыма және қоғамға пайда тигізіп отырмын, – деді шебер Дос Төлегенов.
Дос Төлегенов былтыр Нұра ауданының үздік кәсіпкері атанды және қайырымдылық қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болды. Алдағы уақытта ол кәсібін дамытуға, жаңа жобаларды іске қосуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға ниетті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»


