Қайырымдылық шарасы
Қаламызда иттер мен мысықтарды тегін зарарсыздандырар науқан басталды. Қарағандыда шетелдік қайырымдылық қорлар мен зообақылаушылардың бірлескен күш-жігерімен ұйымдастырылған ауқымды қайырымдылық шарасы бастау алды.
Қарағанды үшін үйсіз жануарлар мәселесі өте өзекті. Үй жануарларына жауапсыз қарау қала көшелерінде көптеген иттер мен мысықтардың қаптап кетуіне әкеліп соқты. Бұл тек жануарларға ғана емес, адамдарға да әсер етеді. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, ату қаңғыбас жануарлардың көбеюіне ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылықтың өсуіне әкеледі. Бірақ мәселені адамгершілікпен шешуге болады. Дәл осы мақсатта халықаралық ұйымдардың дәрігерлері бірікті. Науқанды өткізу алаңын Қарағанды қалалық хайуанаттар бағы ұсынды.
– Өте көптен күткен оқиға орын алды. Біз осы алаңды, ветеринарлық блоктарымызды ұсынуды ұйғардық. Қазір мұнда келген мамандар біздің ветеринарларды үйретеді. Мен басшы ретінде қаламызға, адамдарға, жануарларға осындай зарарсыздандыру шарасын ұсынып отырғанымызға ризамын. 6 күн бойы дәрігерлер қаламыздың жануарларын тегін түрде зарарсыздандырады, – дейді Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова.
Зарарсыздандыру және вакцинация популяцияны бақылауға ғана емес, сонымен қатар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агрессия деңгейін төмендетуге, ең бастысы, қала көшелерінде қаңғыбас жануарлардың санын азайтуға септігін тигізеді.
– Біз жануарларға панажай да тауып берумен айналысамыз. Қаңғыбас иттерді аулап, зарарсыздандырып, агрессивті болмаса, өзінің әдетте жүретін аумағына қайта апарып тастаймыз, – дейді жануарлар дәрігері Анастасия Глядинцева.
Науқанға тек көше жануарлары ғана емес, жануарларға уақытша пана беріп отырған азаматтар да қатыса алады.
– Біз қаңғыбас төртаяқты достарымызға көмектесеміз. Бұдан бөлек, зарарсыздандыру өте қымбат болғандықтан, мұндай тегін шара өте пайдалы деп есептеймін. Мен бүгін екі ит пен бір мысық әкелдім, – деп атап өтті ерікті Дана.
Бұл шара қажетті нәтиже беруі үшін тұрғындардың қолдауы маңызды. Осы ретте ерікті әр көшеде кездескен ит, мысықтарды зарарсыздандыру өте маңызды екендігін айтады.
– Зарарсыздандырылған жануарлар қоғамға зиянсыз. Мұндай науқанның пайдасы зор. Атып тастаудың орнына агрессияны азайту мақсатында осындай шара қолданылғаны жақсы, – дейді ерікті Якуб Джафаров.
Аталмыш науқан 5 күнге созылады. Егер сіз жануарыңызды тегін зарарсыздандырғыңыз келсе, 8 708 605 18 04 немесе 8 701 775 87 33 нөміріне қоңырау шала аласыз.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»