ҚАЙРАТКЕРГЕ ҚОЛАДАН МҮСІН ҚОЙЫЛДЫ

Кеншілер шаһарында көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтан Досмағамбетовтің мүсіні орнатылды.

Абай көшесіндегі саябақта орын тепкен мүсіннің ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Аймақ басшысы мен ғалымның замандастары қайраткер тұлғаны еске алып, оның өңірдің және қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан үлесін айтып, естеліктермен бөлісті.

— Сұлтан Досмағамбетовтің ел тарихындағы рөлі ерекше. Ол әлемдік деңгейдегі қалалардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылысына қатысқан. Бүгін ашылған есерткіш өзі жұмыс істеген кабинетінің терезесіне қарап тұр. Мүсін елге адал қызмет етудің символы іспеттес, – деді өңір әкімі.

Шараның құрметті қонақтарының бірі – ғалымның ұлы, Ерлан Досмағамбетов. Ол әкесінің Қарағанды қаласының ғана емес, жалпы еліміздің дамуы үшін де көп күш жұмсағанын атап өтті.

– Біз өткен ғасырда өңіріміздің ә л е у м е т т і к — э к о н о м и к а л ы қ әлеуетін қалыптастырғандарға құрмет көрсеттік. Менің әкеме ескерткіш орнатуға және оның ашылуына ат салысқан жандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Бүгінгі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деп тебіренді Ерлан Досмағамбетов.

Тұғырымен қоса есептегенде, биіктігі төрт метр, салмағы тоғыз тоннаны құрайтын бюст Ресейдің жетекші мүсіншілерінің бірі Александр Ткачуктің қолынан шыққан. Бюст бойынша жұмыс бір жылға созылған. Мүсін қоладан құйылып, Досмағамбетовтар әулетінің жеке қаражатына жасалған.

— Мүсіннің жобасын Красноярск мамандары дайындады. Бюст тұтас Екатеринбургте құйылды, — дейді жоба жетекшісі Владимир Проценко. Оған қоса, қола металдың түсі де керемет реңк береді. Ескерткіштің тұғыры Алматыда тұтас граниттен жасалған. Бюст ғасырлар бойы сақталады және оны әлемнің кез-келген қаласына ұялмай қоюға болады.

Д о с м а ғ а м б е т о в т а р д ы ң отбасылық досы Күләш Түсіпбекова да жылы лебізін білдірді: Ғалымның ұлы Ерлан әке алдындағы парызын орындап, ғибратты тағзым көрсетті деп есептеймін. Бұл монументалды жоба. Қалаға жасалған керемет сыйлық. Сұлтан Қапарұлының арамыздан кеткеніне бес жылдан астам уақыт өтті, бірақ ол соңынан үлкен мұра қалдырды.

Сұлтан Досмағамбетов ұзақ жылдар бойы партиялық және мемлекеттік органдарда еңбек еткен. Мемлекеттік басқаруды құруға және дамытуға елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар, ол білім беру жүйесінде де жемісті еңбек етті. Техникалық университетте кафедра меңгерушісі болып, педагогикалық институтте ректор қызметін атқарды.

Сұлтан Досмағамбетовтің көп жылғы адал еңбегі лайықты бағаланып, ол «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған.