Аймақта қанша кандидат тіркелді?

Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 2 депутат және барлық деңгейдегі мәслихаттарға 214 депутат сайланады. Ұсыну процесі сегізінші ақпанда аяқталды. Нәтижелерге сай, 19 наурыздағы сайлауда бәсекелестік жоғары болады деп күтілуде.

Қарағанды облыстық мәслихатына аралас жүйе бойынша 36 депутат сайланады: 18-і партиялық тізім бойынша және 18-і бірмандатты округ бойынша.

Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Қарағанды облыстық мәслихатына алты партияның филиалы тізім ұсынды, олар: «Қазақстан халық партиясы», Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл», «Amanat», «Ақ жол» және «Respublica».

«Партиялық тізімге облыстық мәслихат депутаттығына барлығы 59 кандидат енгізілді», – делінген Облыстық сайлау комиссиясының хабарламасында.

Тағы 69 кандидат 18 бірмандатты округ бойынша ұсынылды. Бұл – өзін-өзі ұсынушылар және партиялардың өкілдері.

Бірмандатты екі округ бойынша мәжіліске 31 кандидат ұсынылды. Оның бесеуі партиядан («Amanat», «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы»), біреуі «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» ЗТБ қоғамдық бірлестігінен, қалғаны өзін-өзі ұсыну жолымен.

Қалалық және аудандық мәслихаттарға кандидаттар үшін сайлаушылар тек бірмандатты округтер бойынша дауыс беретін болады.

Үміткерлерді тіркеу 18 ақпан күнгі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Содан кейін 18 наурыз күні сағат 00:00-ге дейін өтетін сайлау науқаны басталады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.