Аймақ дамуының бағдары айқындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақ жұртшылығымен кездесті. Елеулі еңбегімен көзге түскен қарағандылықтарды марапаттап, көптің көкейінде жүрген бірқатар мәселені көтерді. Осыдан соң өңірдегі өнеркәсіп ошақтарын аралап, ел экономикасын өрістетуге бағытталған жобалардың барысымен танысып, аймақ дамуының негізгі бағыттарын атады.
– Облыс еліміздің өнеркәсіп секторында жетекші орынға ие. Аймақ қарқынды дамып келеді және экономиканың барлық саласы бойынша тұрақты өсім көрсеткішін сақтап отыр. Біз «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын нақты ұстанып келеміз, – деді Мемлекет басшысы аймақ жұртшылығымен кездесуде.
Президент Қарағанды облысының даму барысын ұдайы назарда ұстайтынын айтып, өлкенің өркендеуіне серпін беретін бірқатар басым бағытты атады.
Бірінші – Өңдеу өнеркәсібін қолдау. Екінші – Өңірдің транзиттік-тасымал әлеуетін арттыру. Үшінші – Моноқалаларды дамыту. Төртінші – Экологиялық жағдайды жақсарту. Бесінші – Өнеркәсіп кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Алтыншы – Ауызсумен қамтамасыз ету және ауылшаруашылығын дамыту. Жетінші – Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту. Сегізінші – Облыс орталығын дамыту.
– Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға да айнала алады және айналуға тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы керек. Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қарағанды облысы елдің орталығында орналасқанын айтқан Мемлекет басшысы аймақтағы жол мәселесіне де айрықша тоқталып өтті. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды. Сонымен бірге «Қарағанды – Жезқазған» күрежолы мен «Қарағанды – Қарқаралы» тасжолының мәселесіне де айрықша назар аударып өтті. Бұл жолдар алдағы екі жылда жөнделуі тиіс.
Мемлекет басшысы моноқалаларды дамытуға да ерекше назар аударды. Президенттің пікірінше, уақыт өте келе олар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға шамадан тыс тәуелділіктен арылуға тиіс.
– Өнеркәсіптік алыптар аутсорсинг механизмдері арқылы жергілікті бизнесті қолдау үшін жақсы мүмкіндіктерге ие. Моноқалалар таза, шағын, гүлденген және «жасыл» елді мекендер ретінде дамуы тиіс. Тек осы жағдайда ғана олар аймақтың өсу нүктелеріне айналады. Шағын қалалардың проблемасы – инженерлік инфрақұрылымның айтарлықтай тозуы. Бұл мәселені шешу үшін үлкен қаражат қажет. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтуы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің индустриялық қуатын арттыруға адал еңбегімен, маңдай терімен үлес қосып жатқан шахтерлер мен металлургтерге ризашылығын білдіріп, олардың еселі еңбегі ерекше құрметке лайық екенін айтты. Сондай-ақ өнеркәсіп иелері шикізат бағасының оңтайлы сәтін ескере отырып, қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге мүмкіндік таба алатынына сенім білдірді.
– Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында алдыңғы орында тұрған бизнес керек. Мемлекет конструктивті диалогке және өзара тиімді серіктестікке әзір. Біз кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасауды жалғастырамыз, еліміздегі инвестициялық климатты бірте-бірте жақсартамыз. Бұған ешкімнің күмәні болмауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Алдағы үш жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мыңнан астам балаға арналған мектептер салынады. Сондай-ақ Қарағанды медицина университеті жанынан аурухана салу ісі қолға алынбақ. Ол заманауи құрылғылармен жабдықталады.
Кездесу соңында Президент Қарағанды облысының бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Үстел теннисі бойынша олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ жаттықтырушысы әрі оқытушысы Эльмира Әлиева және «Қарағанды облыстық клиникалық аурухана» КМК бөлімше меңгерушісі Евгений Морозов «Құрмет» орденімен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цех бастығы Алексей Берг III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Тентек» шахтасының учаске бастығы Артём Қасымовқа, «Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ басшысы Ләззат Қожахметоваға, «Kazakhmys Coal» ЖШС «Горный» учаскесінің машинисі Александр Владимирович Комардаға «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Ақорда.kz ұсынған ақпарат негізінде