Айдос Сарым қоғамды әбігерге салған жер мәселесіне қатысты пікірін білдірді

Қоғамда сенімсіздік туындаған жағдайда жерді жекеменшікке беру мәселесін түбегейлі шешу өте қиын. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жер реформасы комиссиясының мүшесі Айдос Сарым білдірді.

«Ауыл шаруашылығында, жер мәселесінде қордаланған, бұған дейінгі Жер комиссиясынан тыс қалып, шешімін таппаған мәселелерге қатысты нақты ұстанымдар қабылданып жатыр. Біз, Парламент ретінде үлкен заңдар легін, атап айтқанда, Жер кодексі мен ауыл шаруашылығына қатысты заңдарға өзгерістерді күтіп отырмыз. Оның ішінде, бүгінгі, бұған дейінгі төрт отырыста, одан тыс жұмыс топтарында айтылған деректерді алып, заңдық немесе тиісті нормативтік-құқықтық шешімге айналдыру ісімен айналысу керек болады. Мұның ішінде, ең бастысы қоғамды әбігерге салған, мәселе тудырған жерді жекеменшікке беру жайына қатысты айтар болсақ, бүгінгі күні толық ақпарат жоқ, жер қыртысы егжей-тегжейлі зерделенбеген, қоғам ішінде сенімсіздік туындаған жағдайда бұл мәселені түбегейлі шешу қиын деп есептеймін», деді Айдос Сарым аталған комиссияның бесінші отырысынан кейін. Оның атап өтуінше, шешім қабылдаушы Үкімет, Парламент дейтін болсақ, онда бүгінгі күні сырттан көрсетіліп жатқан қысымды санаға емес, көңіл-күйге бағынған әрекет деп бағалауға болады. «Сондықтан, әр тарапқа да шешім қабылдау үшін нақты, шынайы ақпарат қажет. Сенімсіздікті жоюдың бір ғана жолы – факт. Шын мәнінде бір-екі жылдың ішінде жер кадастры ашылса, қай жердің иесі кім екені көрсетілсе, алдағы уақытта жайылымдар қайтарылса, пандемиядан кейін экономикамыз көтеріліп, әлеуметтік мәселелер шешіліп, халықтың еңсесі көтеріліп жатса, онда сол кезде жекеменшік мәселесін көтеруге болады», — деді Мәжіліс депутаты.

Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»