АЭС құрылысы тиімді ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында АЭС құрылысы бойынша референдум күнін белгілеген еді. «Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек», — деп атап өтті Президент өз сөзінде.

АЭС салу мәселесі 6-шы қазанда болатын референдум арқылы шешіледі. Осы орайда біз АЭС құрылсы қаншалықты тиімді екенін білу үшін Қарағанды облысының Азаматтық альянсының президенті, Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Дмитрий Полтаренконың пікірін білген едік.

-Дмитрий Сергеевич, бүгінгі таңда қоғам арасында қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі – еліміздегі АЭС құрылысы. Оның ішінде «Қазақстанға АЭС не үшін қажет?» деген сұрақ та бар, осы сауалға сіз не жауап берер едіңіз?

– Бізге бірінші кезекте энергетикалық қауіпсіздік керек. Біз электр энергиямыздың 30 пайызын экспорттауға мәжбүр болған кезде тәуелсіздік туралы айту қиын. Екіншіден, инвестициялық тартымдылық және кәсіпорындарды кеңейту және ашу мүмкіндігі. Менің ойымша, көпшілікке кәсіпкерлер энергияны тұтынудың үлкен көлемін қосу мүмкіндігін ала алмайтыны белгілі, бұл жерде мен тек киловатт-сағатты есептеу туралы емес, сонымен қатар қуатты тұтынудың ең жоғары деңгейі туралы айтып отырмын.

-АЭС салмасақ, оның салдары қандай болуы мүмкін?

-Бұл жерде салдары деген сөзге не жататынына байланысты… Мен қорқыныш тудырып, мүмкін болатын локдаундар туралы айтқым келмейді. Алайда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының баяу және тұрақты деградациясы, олардың бәсекеге қабілеттілігінің жоқтығы жылдан жылға арта береді.

-АЭС қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?

-Артықшылықтары: инвестициялық тартымдылық, елдің бәсекеге қабілеттілігі. Энергетикалық тәуелсіздік мүмкіндігі. Потенциалды өндіріс өсімі. Кемшіліктері – потенциалды (кейбір адамдардың фобияларына қатысты) қауіп.

-Жалпы, атом электр стансаларының құрылысына қатысты өз жеке пікіріңізді айтсаңыз?

– Білесіз бе, мен Үлкенге осы тақырып бойынша бірінші пікірталасқа барғанымда қатты күмәндандым… Бірақ энергетиктеріміз бен атом саласындағы ғалымдарымызбен кездесу, ауыл тұрғындарымен әңгімелесу атом электр стансасының құрылысын нақты қолдайтынымды растады.

-Уақыт тауып біздің саулдарымызға қысқаша болсын жауап бергеніңізге рахмет!

Қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет еткендіктен энергия көздерін зерттеу бүгінде маңызды. Ғылымның дамуымен қатар су электр станциялары мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Оларға күн, жел, биоотын, геотермалдық энергия сияқты негізгі қайта қалпына келетін энергия көздері жатады. Қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін экологиялық таза болып саналады. Алайда, бұлтты ауа-райында және жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісі мүлдем мүмкін болмай қалады. Жылу электр станцияларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай энергия өндірісінің шикізат бағасы күн сайын өсіп келеді. Ал, атом электр станциясы (АЭС) отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. Көптеген елдерде атом электр станциялары өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып табылады. Бастапқыда баламалы энергия көзі болып есептелген ядролық энергия тез арада әлемдегі жетекші энергия көздерінің біріне айналып үлгерген.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»