АЭС қажет пе?
Еліміздегі қолданыстағы ГРЭС-тер мен жылу энерго орталықтары бар қуаттылықта жұмыс істеп тұр. Одан әрі салмақ салуға келмейді. Ал АЭС салар болсақ, ол еліміздің ортасындағы энергетикалық ХАП болары сөзсіз, дейді энергетика саласының маманы.
АЭС салу жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілдерімен кездесуде «Теплотранзит Қарағанды» серіктестігінің өкілі осы сала маманы ретінде сөз алды. Айтуынша еліміздегі жылу энерго орталықтары мен ГРЭС-тер толық ауқымда жұмыс істеуде, егер қандай да бір қиындықтар болса олар қосымша салмаққа төтеп беруге әлсіз екен. Тіпті аяз күшейген күндері солтүстік өңірде жылу деңгейін толық беру үшін, тоқ энергиясын азайтуға мәжбүр, сондықтан температура төмендегенде тоқ желісіне салмақ түсетіні, тоқ қуатының аздығы да сезіледі дейді. Біздің еліміз бұл күннің өзінде тоқты сырт елден сатып алып отырғаны – біздегі жылу, энергетика орталықтарының соңғы қуаттылықта жұмыс істеп тұрғанын айғақтайды. Сондықтан қосымша энергия көзі қажет-ақ.
– Бізде атом электр станциясы құрылса, ол еліміздің орталығындағы энергетикалық ХАП болады. Электр желісінің дамыған нұсқасы. Ірі, сенімді энергия көзі. АЭС — біздің жылу энерго орталықтарына, біздің ГРЭС-тарға, басқа да электр станцияларына аязды күндері салмақ салмай жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Біздің климат салқын. Жылына 7 ай біздің аймақта жылу маусымы. Сондықтан, қосымша энергия көзі керек екенін ескеру қажет, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің екісі күні Қазақстан халқына жолдауын жария етті. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауда «Ел үшін маңызы бар әрбір қадамды халықтың қолдауына сүйеніп жасау қажет» атом электр станцияларына қатысты референдумда дәл солай болуы керек, деп атап өтті. Және бүгінде бұқара арасында АЭС салу мәселесі, энергетикаға деген тапшылық, қауіпсіздік мәселесі жан-жақты талқыланып, әр сала өкілдері өз көзқарастарымен бөлісуде. Қарағанды Техникалық Университетінің профессоры АЭС жобасындағы қауіпсіздік пен кепілдік мәселесін айтты.
– Әзірленген құжаттаманың техникалық жобасы бар. Онда барлығы қарастырылған. Мен құрылысқа қатысты кепілдік беру құжаттарын көрдім. Өзімнің осы жылдардағы көріп білгенім негізінде де, бүгінгі таңда атом электр станцияларын салудағы технология айтарлықтай сенімді деп айта аламын. Сондықтан бұл іске мемлекеттік тұрғыда қараған жөн деп ойлаймын, – деп атап өтті ҚарТУ профессоры, техника ғылымдарының докторы Фарид Низаметдинов.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»