Адвокаттарды тағайындау, олардың еңбегіне ақы төлеу рәсімдерін автоматтандыратын «Е-заң көмегі» АЖ енгізілді

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңда адвокаттық қызметті және Заң консультанттарының қызметін автоматтандыруға арналған заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі көзделген. Қазіргі уақытта адвокаттарды тағайындау, олардың еңбегіне ақы төлеу рәсімдерін автоматтандыратын «Е-заң көмегі» АЖ енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті.


АЖ 2019 жылғы маусымда өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді, ақпараттық қауіпсіздік талаптары сәйкестігіне тексеруден өтті. Жүйенің толық жұмыс істеуі 2022 жылдың 3 тоқсанынан басталды.
«Адвокаттарды электрондық форматта тағайындау бүгінгі күннің жағдайында өзінің тиімділігі мен маңыздылығын көрсетті. Бұл іс-шаралар қылмыстық процесті жүргізетін қызметкерлерге адвокат тағайындауға, қорғаушының күдіктіге қатысуын қамтамасыз ету туралы қаулы шығаруға және мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде күдіктіні автоматтандырылған режимде қорғауға байланысты заң көмегіне ақы төлеу туралы қаулы шығаруға мүмкіндік берді. АЖ білікті заң көмегіне еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді, азаматтар үшін қажетті ақпаратты алуға, сондай-ақ онлайн режимде құқықтық кеңес беруге мүмкіндік береді. Осылайша, АЖ іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін электрондық форматта полиция органдары адвокаттарды қорғаушы ретінде тағайындау жөнінде 25 492 өтініш хат жолдады, оның ішінде адвокаттар – 22 307-ін растады», — деді вице-министр.
Бұдан басқа, өзге мемлекеттік органдардың бірқатар ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізіліп жатыр.