Абзал ақын ұлықталды

Кеншілер мәдениет сарайында ақын Абзал Бөкеннің 75 жылдық мерейтойына арналған «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» атты шығармашылық кеш өтті. Мерейтойға ақынның Алматыдан және Астанадан қаламдас достары мен бауырлары келді. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған құрметті меймандар қатысты.

Зал көрерменге лық толы болды. Кеш шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды. Арқаның айтулы ақынын аймақ басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы құттықтап, шапан жапты:

– Ақтоғайда дүниеге келіп, Қарағандыда қанаттанып, Алатауда есейіп, бүгін Арқаға қайта оралып жатқан ақын ағамыздың жыр кеші құтты болсын! Қазақтың өнерсүйер қауымын, өлеңсүйер жерлестерімізді елең еткізіп, дір еткізіп, гүр еткізген жас ақын бүгінде қазақ поэзиясының көрнекті өкіліне, барлығымыз ерекше жақсы көретін Абзал ақынымызға айналды. Мерейтой құтты болсын!

Абзал Бөкен Ақтоғай ауданының қазіргі Нарманбет ауылында дүниеге келген. Сол кездері алғашқы балауса жырларын жазып, оны аудандық «Арқа еңбеккері», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде жариялаған. Ақынның тұңғыш өлеңі 1967 жылы «Уақыт» деген атпен жарық көрді. Қаламгер 1985 жылы Алматыға қызмет ауыстырып, алғашқыда «Жалын» баспасында, кейін республикалық «Егемен Қазақстан», халықаралық «Заман Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде және «Парасат» журналында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы.

– Ұлттық мұрамызды толтыратындай бір тамаша әдеби-музыкалық дәстүрлі кеш өтті. Алған әсеріміз ерекше. Абзал – Ақтоғайдың атағы жер жарған әнұранының авторы. «Ақтоғай – алтын бесігім» деген әніменен тарихта, Ақтоғай тарихында, ел тарихында есімі екінші мәрте жазылды. Біз Абзалды өте құрмет тұтамыз. Ақтоғай – ақындардың ақ орда алтын ұясы. Ол – «Бастау», «Жалғыз желкен», «Ғасыр қанатында», «Салбурын», «Сүмбіле», «Шың мен шыңырау», «Төр» атты кітаптардың авторы. Бұл жолы ақынның «Күміс кісе» атты кітабының тұсауы кесілді, – дейді Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, қоғам қайраткері Тұңғышбай Мұқан.

Шығармашылық кеш Ақтоғайдан келген «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі және қаламыздағы басқа да өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.

– Мынау еліме келіп, 75 жасқа толғанымды туған жерім, елім, өңірім қарсы алып жатыр. Көңіл-күйім көтеріңкі. Бұл жасқа біреу жеткен, біреу жетпеген. Аллаға тәубе дейміз, 75 – үлкен, ұзақ ғұмыр ғой. Өмір бойы шығармашылықпен айналыстық. Шығармашылығыма келетін болсақ, кейінгі жылдары «Тәж», «Тақ», «Төр» деген қалың-қалың поэзиялық шығармаларым жарық көрді. Өзімді бақытты сезінемін. Халқыммен кездесіп жатырмын, ағайын-жұртыммен сөйлесіп жатырмын. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын, тіл жанашыры Қазыбек Иса Алаштың алтын медалімен марапаттады. Ағайын-жұртыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп атап өтті кеш кейіпкері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»