Абаттандыру ережесін бұзғандар айыппұл төлейді
Қарағанды облысында шілде айының басынан бастап абаттандыру ережелерін сақтамағаны үшін 900 хаттама толтырылды. Аймағымызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру ережелерін сақтау бойынша полиция рейдтері жүйелі жалғасуда.
Атап айтқанда, шілденің сегіз күнінде тәртіп сақшылары 900 хаттама толтырып, 20 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салыпты. Қазірдің өзінде 11 млн теңгеден астам айыппұл төленді. Барлық меншік нысанындағы ұйымның басшыларымен тыңғылықты жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Бизнес өкілдеріне қатысты 229 хаттама жаздық. Бұл дүкендердің, сауда үйлерінің, ойын-сауық мекемелерінің, сұлулық салондарының иелері. Айыппұл сомасы шамамен миллион теңгені құрады. ПИК-тің бес төрағасы және кіреберіс бойынша үш әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ПИК-тің 30-дан астам төрағасы ескерту алды. Айыппұл 811 560 теңге. Полицейлер барғаннан кейін 50 ПИК аумақты жақсылап тазалады, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайырбек Шәкенов.
Контейнерлік алаңдарды уақтылы жинамағаны және қоқыс тазаламағаны үшін облыс орталығын абаттандыруға жауапты кәсіпорындардың бірінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ғимараттардың қасбеттерін тиісінше ұстамағаны үшін жеті хаттама жазылды, 258 мың теңгеге айыппұл салынды.
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері оған 149 мың адам және 10 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Тазалауға 1 433 техника жұмылдырылды.
Және де 367 рұқсат етілмеген полигон жойылды. Соның нәтижесінде 70 мың тонна қоқыс шығарылды. 1 102 контейнер және 278 контейнер алаңы орнатылды. Бір ғана мысал, 24 мыңнан астам аула, 273 саябақ пен гүлзардың аумағы тазартылды. 441 тарихи-мәдени ескерткіш жөнделіп, ретке келтірілді. Сонымен қатар 131 мыңнан астам ағаш және 7 мыңнан астам көшет егілді. Жалпы ауданы 1 623 мың шаршы метр болатын 125 су айдыны тазартылды.
Әйтсе де қаланы таза ұстау – өз қолымызда. Тазалық әр адамның өзі үшін және отбасы үшін керек екені белгілі. Аула таза болса, қала таза болатыны анық. Мұны бәрі жақсы біледі. Әрі мойындайды. Десе де, сөзі мен ісі қабыспайтын тұрғындардың оғаш қылығы қазіргі таңда қаланың кейбір жерінің келбеті мен көркін қашырып-ақ тұр. Ал талап қатаң болмаса, тәртіпке бағынбайтындармен осы алысқанымыз алысқан. Мұндай немқұрайлылық одан әрі жалғаса беретіні даусыз, дейді табиғат жанашырлары.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»