«Абай сияқты ән шығара алатын ақын…»
Екеуін жақындастыратын не бар дерсіз. Өнер екені екібастан белгілі. Біреуі – сөз өнеріндегі, енді бірі – саз өнеріндегі құбылыс. Бірге туып, бірге өспесе де, бір-бірін көрмесе де, араларын аңыз жалғайтын сыңайлы. «Артынан аңыз ермеген ақын – ақын емес» деген де сөз бар. Тура сол сияқты, екеуінің соңынан ерген аңыздың өзі әр қиырға сермейді.
Қасым өлеңдерінің әнін өзі жазғаны белгілі. Шәмшінің де кезі келгенде суырып сап өлең шығарғаны айтылады. Біразы ел аузында қалған. Бір заманда туса да, екеуі кездескені туралы әңгіме жоқ. Қасым Шәмшіден 19 жас үлкен екен. Ақын 1955 жылы дүние салғанда, Шәмші халық арасына енді таныла бастаған. Шәмшінің өнері Алматыда өрістесе, Қасым шабыты алғаш Орал қаласында аспандай бастапты. Қазақ даласында алашордашылардың бір шоғыры алғаш ту тіккен топырақтың бірі – Орал. Алаш арыстары Семейге Қарқаралы мен Оралдан барса, Қасым Қарқаралыдан Семей арқылы Оралға өткен. Алғаш музыка туралы еңбек жазған әл-Фараби дүниеге келген Отырарда туған Шәмші де Алматыға жөнелген.
Орал қаласында Қасымның ешкімі жоқ. Есесіне жырдың күйіндей әңгімелер бар ол жайында. Вокзалдан түскен бойда ақын сонда ән салып, би билеп жүрген өнерпаз татарларға еріп кете барады. Осыған ұқсас жағдай Шәмшінің басынан да өткен. Жастау кезінде ол сығандарға ілесіп кеткен. Алматыда бірақ. Тағдырларындағы ұқсастық осы жерден басталады. Қасым Оралда бір мәрте ғана болмаған, ғажабы. Әуелі Семейден Алматыға, Алматыдан Ленинградтағы Орман шаруашылығы институтына түсіп, ұнамаған соң Оралға барады. Онда бірер жыл газетте істеп жүріп, әскери міндетін атқарып келісімен тағы басқа жерге соқпай, Оралға барып тұрақтаған. Оралдағы облыстық газетте, театрда қызмет еткенімен қоймай, ондағы сыған, татарлар арасында көп жүрген.
Анығында, Қасым Оралға неге бара берді? Жанып тұрған жастық шағы, жиырма бесі сонда өткен. Алғашқы өлеңдерінің көбі Оралда газетте істеп жүргенде туған десетін қасымтанушылар ол жайында жарытып ештеңе жазбапты. Қасында көп жүрген ғажайып ақын інісі әрі жан досының бірі Сырбай Мәуленов қана жазады Оралдағы татарлар арасындағы өмірін. Ақынмен бірге жүріп, көп сөйлескен Сыр-ағаңа Қасым өзі сыр ғып айтып берсе керек…
«Қасым: «Менің ержетіп, есейген шағым Оралда өтті. Жігіттіктің жақсы кезеңдері Оралда қалды», – деп отыратын.
Жаздың бір жайма-шуақ ашық күнінде Қасым Орал вокзалына барып түседі. Қолында кішкентай чемоданы бар, басқа ештеңесі жоқ… Оралда танысы тағы жоқ. Әйтеуір «талаптың тұлпарын мініп» жолға шыққан. Орал стансасында ығы-жығы халық. Жас жолаушы жалтақтап жан-жағына қарайды. Жалдауға үй шықса деп іздейді. Теміржол бойлап татар жігіттері мен қыздары серуен құрып жүр. Қолдарында – сырнай, мандолин. Вокзалды төбесіне көтеріп «Ғалия-Бану» әнін шырқайды. Күн – демалыс. «Осыларға қосылып кетсем бе екен?..» деп Қасымның делебесі қозады. Сырнайшы онша мықты емес сияқты. Қасымға шамалы көрінеді. Татар қыздары мен жігіттері енді вокзалдың екінші басынан оралып келе жатады. Қасым жандарына жетіп барады.
– Қазақ малайы, гармонь ойнай білесің бе? – дейді біреуі. Қасым «білемін» дегендей басын изейді.
– Есімің кім? – дейді бір қыз.
– Қасым!
– Қасым абзи! – деп бір жас бала ол жақ, бұл жағына шығады.
– Қасым абзиды бақшаға алып барарға керек – дейді әлгі кішкентай сары бала.
Олар енді жолдан бұрылып, вокзалдың сыртында тұрған бақшаға беттейді. Орталарында – Қасым.
Жаз желегін жамылған жасыл бақша. Айнадай жарқырап тұрған ақ шыны аспан. Бейтаныс жаңа қала, төңіректі қоршаған қыз-жігіттер. Қасым біртүрлі арқаланып кетеді. Сырнайшының қолынан гармоньды сұрап алады да, Семей татарларынан үйренген бірсыпыра әндердің тиегін ағыта жөнеледі. Татардың қыз-жігіттері шауқылдасып рақаттанады…
Кеше де кел, ерте кел,
Тереземді шерте кел.
Сенің келгеніңді
Хабарласын ерке жел!
Татар өлеңдерінің арасына анда-санда Қасым өз сөздерін де қыстырып қояды. Жаңадан пайда болған жолдастары оған риза болып, алғыс жаудырады.
Оралда мейманханаға орналасқанша Қасым сол татар достарының үйлерінде болады. Олар күнде Қасым қонатын үйге жиналады. Содан кештен бастап әндер айтылып, түн ортасына дейін тасырлаған билер тоқтамайды. Татардың қыздары мен жігіттері ән мен күйді сүйеді. Сырнай үнін естісе-ақ шамның отын айналған көбелектей пәруана болады да қалады», – деп Сыр-ағаң бергі жағын ғана жазып қояды.
Алматыда аз-кем жұмыс істеген Қасым неге Оралға тартып тұрды? Барғанда тоқтайтын жері жоқ ақын онда түскен бойда өнерпаз татарлардың арасына қойып кеткен. Онымен қоймай, Сырбай атамыз «Семей татарларынан үйренген бірсыпыра әндердің тиегін ағытты» деп қалады. Ол туралы бірде-бір естелік жазба жоқ осы күнге дейін. Біздің зерттеулер мен естеліктердің көбінің үстірттігі осындайда аңғарылады.
Ал Шәмшінің сығандар арасына түскені туралы аңызға бергісіз сырлы әңгімені білмейтін қазақ жоқ шығар. Соның әсерінен туған сазгер шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылардың бірі – «Сыған серенадасы» «құлақтан кіріп бойды алады». «Шәмші сыған қызы Изольдаға ғашық болып, сығандардың таборына ілесе кеткен, содан барып туған ән» деген әңгімені жастай естіп өстік. Ұлттық арнадағы бір хабарда «Сыған серенадасы» әні сығандар ортасына түсіп Изольдаға ғашықтығынан тумаған» делінеді. Оған ел сене ме бірақ? Осы оқиға негізінде ақын Исраил Сапарбай ағамыздың «Сыған серенадасы» атты керемет спектаклі бар. Музыкалық драма. Қасымның Оралдан кеткені жөнінде де спектакль бар деп естігенмін.
Бірде Шәмші аға ауруханада ауырып жатқанда, Исраил аға көңілін аулап барып, «Сыған серенадасы» әнінің туу тарихын сұраса керек. Ғұмырының соңғы жылдарында ауруханада жатып қалған композитор: «Бұл – ұзақ әңгіме. Оны сұрап мені қинап қайтесің?! Мен оқудан шығып қалғанымда, төрт-бес жігіт сыра ішіп вокзал жақта жүрдік. Алдымыздан үш-төрт сыған қызы шығып, таборға шақырды. Екі-үш таборда жүрдім. Осыдан басталды бәрі, айналайын», – депті.
Бұл да – вокзалдан басталған әңгіме. Оқиға екеуінің де басынан жанып тұрған жастық шақтарында өтіп тұр. Бірі поэзия патшалығының падишасына айналса, бірі – қазақ вальсінің королі! Олар вокзалдарда, барларда, ауылдарда, дауылдарда аспан мен жердің арасын жол қылып жүре береді және, ең бастысы, елдің жадында, халықтың жүрегінде жүреді. Түсіне кіреді… Нағыз патша, корольдар осындай болса керек.
Сары шөлде, далада өтіп сан күні,
Ғазал жазған, жаны сірі не деген! –
Азияда Сағди шайыр қаңғыды,
Тірісінде ешкім «ұлы» демеген, – дегеніндей ғой Жұматай Жақыпбаевтың.
Қасым домбыра, скрипка, гармонь, мандолин, күйсандықтың бәрінде ойнаған. Ол туралы жазушы Жұмабай Шаштайұлының керемет естелігі бар. Шәмші де солай! Домбырамен қатар бірнеше аспапты сөйлете берген. Кезі келгенде суырып салатын ақындық қасиеті де болған. Жүздеген мысал бар оған. Ең бастысы, Шәмші ән жазған соң қай ақынға ұсыну керектігін, сөзі қандай мағынада жазылмағын – бәрін өзі айтып түсіндіретін болған авторға. Қасым да солай. Өлең де, ән де жазған. Оның ән шығаратыны жайлы ақын өлгенде «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп аһ ұрған Әбділда Тәжібаев жазады. «Дәриға, сол қыз» әнінің тууына куәгер болған Әбділда: «Қасым біздей емес, Абай сияқты ән де шығара алатын ақын еді. Бұдан, әрине, жақсы ақын болу үшін композитор болу шарт деген ұғым шықпасқа керек. Ақын болу үстіне ән шығарушы боламын деп Қасым да ойлаған емес. Бірақ кезегі келгенде, бұрқыраған шабыт күйлі дыбыстардан шумақтар күйлі сөздер құрағанда, ғажап ырғақты, қанатты шумақтар өздеріне сай ән сұранғанда, сондай әнді ақын өз жанынан шығара беретін. Сол өнерімен Қасым бізге ерекше сүйкімді, ерекше талантты көрінетін», – дейді.
Оралға неге барғаны белгісіз Қасымның ол жақтан неге кеткені туралы белгілі актер, драматург Кеңес Жұмабеков әдемі тарқатып айтып береді жүрген жерінде. Бүтін бір оркестрге жетекшілік еткен Қасымды сонда танисыз. Біз де сахнаны осы Кеңес ағаның айтуымен жеткен Қасымның Оралмен қоштасуымен жабамыз.
– 1982 жылы анам мені Жайық бойына нағашыларыма алып келді. Сонда Шолохов атындағы кеңшарда Қуанышкерей деген екі көзі бірдей көрмейтін зағип ақсақал болды. «Қарағандыда қызметтемін» дегенімде, «Қасымның елінен екенсің ғой», – деп, маған Қасым Аманжоловтың Оралдан қалай кеткені туралы әңгімелеп, еш кітапқа енбеген өлеңін оқып берді. Ақсақалдың айтуынша, шамамен 1935-1936 жылдары Қасым Аманжолов Жұмат Шаниннің қарауында домбыра оркестрін басқарған. Бірде педагогикалық институтта үлкен концерт өтетін болып, оркестр дайындалады. Қасымның сол институтқа түспек болып дайындалып жүрген кезі екен. Бірақ концерт басталар алдында партком мен проректор оркестрмен айтылатын қазақ әндерінің қысқарып қалғандығын айтып, «Бір күй, бір ән орындайсыңдар» дейді. «Жарайды» деп сыр бермеген Қасым жігіттерін жинап, «Бес нөмірді де орындаймыз» деп келіседі. Сөйтіп сахнаға көтерілген ақын:
Ән бар ма біздің әндей жатқан бұрқап,
Аламыз дауылдатып шырқап-шырқап.
Күй бар ма біздің күйдей жатқан жосып,
Тас балқып, тыңдағандай тал таңырқап.
Өлеңнің өлкесіміз өткел бермес,
«Сөзді қой, өлеңге бас, жырмен сөйлес»
Деп өскен қазекеңнің ұрпағымыз
Өлеңсіз өмір бізге өмір емес, – дегенде, оркестр ойнап келіп жібереді. Сөйтіп бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмір кезегімен кетіп жатады. Алдыңғы қатарда отырған партком мен проректор екі жақтан оркестрді тоқтату үшін сахнаға жүгіреді. Осы сәтте бесінші нөмір – «Адай» күйі де екпіндеп, шалқи жөнеледі. Бесінші нөмір бітіп, зал толы көрермен шапалақтап, шымылдық жабылып жатқанда, Қасым алға жүгіріп шығып, мына өлеңді оқыпты:
Бұл – менің шарықтаған жастық шағым,
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,
Жайғандай ерке назым жар құшағын.
Бұл – біздің қасиетті дастанымыз,
Шалқыған айдын көлдей жас шағымыз.
Алға ұстап адал жүрек махаббатты,
Ән салған біз қазақтың жастарымыз! – деп жасындай жарқылдаған жас ақын сол кездегі қазақ өнерін тұншықтырғысы келген Кеңес өкіметінің саясатына осылай қарсылық танытыпты. Осы оқиғадан кейін Қасым ақын Оралда қала алмай, Алматыға кеткен көрінеді. Мен Қуанышкерей нағашымнан естіген осы әңгімені жас ұрпақ білсін деген ниетпен жүрген жерімде айтып жүремін, – дейді Кеңес аға.
Жәнібек ӘЛИМАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын