«Абай» шахтасынадағы апатқа жұмыс беруші кінәлі

Қарағанды облысының «Абай» шахтасында болған қайғылы оқиғаға жүз пайыз жұмыс беруші кінәлі. Бүгін үкіметтік комиссия жұмысының қортындысын шығарған төтенше жағдай министрі Юрий Ильин осылай деді.

Ол апаттың себебін анықтау үшін тіпті шетелдік мамандар шақыртылғанын, ал олардың барлығы бірауыздан жұмысшылардың еш кінәсі болмағанын айтқан. Сондайақ министр кезекші диспечердің қырағылығы болмағанда кен орнында қаза болғандар саны әлде қайда көп болуы мүмкін екенін айтып отыр. Ол дер кезінде апаттық дабыл беріп, электрді өшірген екен. Ал, кеншілердің бірі басын бәйгеге тігіп, екі кеншіні аман алып қалуға ықпал еткен. Ильин диспечер мен аталған кеншіні марапатқа ұсынатытын айтты. Бүгінгі АКТ-ті комиссия мүшелерінің бәрі бірауыздан мақұлдаған. Енді ол тиісті органға беріліп, тергеу жалғасатын болады. Еске сала кетейік, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы таралған. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеген болатын.

— «Арселор Митталдың» кінәсі 100 пайыз анықталды. Бірақ, атап өтетін бір жайт бар, ол бірқатар қауіпсіздікті қатаң сақтауға ықпал ететін шаралар тек осы апат кезінде емес, біраз уақыт жүргізілмегенін көрсетті. Олар: техникалықинженерлік құрамның тапшылығы, екіншіден, жұмыс беруші кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізбеген, үшіншіден, жұмыс беруші құрал-жабдықтарды көптен бері жаңартпаған, жаңа технологиялар енгізілмеген. Бұлардың барлығы уақыт өте келе осындай қайғылы жағдайға душар етіп отыр, — деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

— Комиссия апат болған жерді екі мәрте тексеріп, куәгерлерден, оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алды. Техникалық құжаттаманы зерделеп, бес сараптамалық шағын комиссияның және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы бойынша метан газының бөліну және тау-кен массасының шығарылуынан газдинамикалық құбылыс салдарынан болған апат деген қорытындыға келді. «Көмір мен газдың кенет таралуы ықтималдығы жоғары қауіпті қабаттарда тау-кен жұмыстарын жүргізу жөніндегі нұсқаулық» қолданыстағы нормативтік құжатқа сәйкес емес, — деп атап өтті Министр.

Апатқа тергеу жүргізу барысында комиссия бұл оқиға қызметкерлердің жұмыс орнында және жұмыс уақытында еңбек міндеттерін орындау кезінде апат салдарынан болғанын анықтады. Яғни ол өндірістегі жазатайым оқиға ретінде есепке алынады және еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актілермен ресімделеді. «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы қауіпті кәсіпорынның иесі бола тұра, еңбектің қауіпсіздігі жағдайын және тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс орындарында кез келген қауіп-қатердің алдын алуды қамтамасыз етпегендігіне, сондайақ қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері мен олардың салдарларының алдын алуға және жоюға бағытталған іс-шаралардың толық көлемде жүзеге асырылуын қамтамасыз етпегендігі үшін жауапты.

Комиссия себеп-салдарын жою және орындау мерзімдері бар және осы тәрізді апаттарға жол бермеу бойынша 37 іс-шара әзірледі.

Расул МҰХАММЕД

«QH»