Аңыздың жаңа тынысы

Қазақ ертегілерінің ең танымал кейіпкерлерінің бірі Алдар Көсе қайтадан үлкен экранға оралды. Отандық кино қоржыны «Алдар. Махаббат туралы аңыз» атты жаңа туындымен толықты. Тарихи-комедия жанрында түсірілген фильм Қарағандыда көрерменге жол тартып, кеншілер шаһарының тұрғындарын бірден баурап алды. Шытырман оқиға, жеңіл юмор және шынайы сезім үйлескен туындының тұсаукесеріне фильмнің шығармашылық тобы арнайы қатысып, көрерменмен кездесу өткізді.

«Сарыжайлау» кинотеатрында өткен премьерада ине шаншар орын болмады. Қарағандылықтар тек фильм тамашалап қана қоймай, басты рөлдерді сомдаған актерлермен жүздесуге мүмкіндік алды. Кездесуге актер әрі продюсер Дәурен Серғазин, актерлер Әділ Ахметов пен Наурыз-Бек Тастанбек арнайы келген.

Режиссер Дин Махаматдинов түсірген фильмнің сюжеті қазақ-ойрат соғысы кезеңінде өрбиді. Туындыда Алдар Көсе жау қолына түскен ұлын құтқару үшін қауіпті сапарға аттанады. Алайда жол барысында баласының жау билеушісінің қызына ғашық екенін біліп, екі жасты аман алып қалудың айласын іздейді.

Көрермен Ер-Нұрлан Орынбайдың айтуынша, фильм ұлттық рух пен қазіргі кино стилін үйлестіре білген.

– Неліктен маған бұл фильм ұнады? Себебі мұнда қазақы юмор, тарих және тәрбиелік мән өте жақсы берілген. Алдар Көсенің бейнесі бұрынғыдан да әсерлі ашылған. Фильмді отбасыңмен отырып көруге болады. Әсіресе актерлердің ойыны мен оқиғаның берілуі қатты ұнады. Осындай сапалы қазақ фильмдері көбейсе екен деймін, – дейді көрермен.

Фильмде басты рөлді сомдаған әрі жобаның продюсері болған Дәурен Серғазин бұл туынды арқылы ұлттық кейіпкерді жаңа қырынан танытуды мақсат еткендерін айтты.

– Бұл енді тек комедия емес. Біз Алдар Көсені халық білетін айлакер кейіпкер ретінде ғана емес, жүрегі бар, отбасы үшін күресетін адам ретінде көрсетуге тырыстық. Фильмде махаббат та, тарих та, қазақы мінез де бар. Қазіргі көрерменге жақын форматта түсірсек те, ұлттық болмысты жоғалтпауға мән бердік. Балалар да, ересектер де қызығып көретін дүние жасауға талпындық. Осындай фильмдер арқылы қазақ ертегілері мен аңыздарын қайта жаңғыртып, оларды жаңа буынға заманауи тілде жеткізгіміз келеді. Бұл – ұлттық киноға деген құрмет әрі өз мәдениетімізге қайта оралуға жасалған қадам, – дейді актер.

Айта кетейік, «Алдар. Махаббат туралы аңыз» фильмі сәуір айының соңынан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіліп келеді. Қарағандыдағы премьера ерекше жылы атмосферада өтті. Мәдениет ошағының басшылығы шығармашылық ұжымға құрмет көрсетіп, арнайы сый-сияпат табыстады.

Залдың лық толуы мен көрерменнің ыстық ықыласы – отандық киноға деген қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кездесу соңында қарағандылықтар актерлермен естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»