ҚАҢЫРАП ҚАЛҒАН ҚАЛАШЫҚ ҚАЛПЫНА КЕЛЕ МЕ?

Саран қаласының іргесіндегі резина – техникалық бұйым шығарумен айналысқан, біркезде ел қызыға қарайтын ауданды облыс билігі қайтадан қалыпқа келтірмек. Ондағы қараусыз қалған жүздеген 5 және 9 қабатты үйлердің 70-ке жуығы алдағы уақытта қайтадан жөнделуі мүмкін. Ауданның қазіргідей күй кешуіне резина-техникалық өнім шығаратын зауыт жабылып қалған соң, мыңдаған тұрғын жаппай көшіп кеткені себеп болған. Қазір осы өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, қажетсіз қалған үйлер қайта жөнделе бастады. Қазірдің өзінде қалыпқа келтірілген екі үйге 89 отбасы көшіп келеді. Автобус паркі ашылып, жаңа зауыттар салынып жатыр. Осы кәсіпорындар өз қызметкерлеріне 2 көпқабатты үйді қалыпқа келтіріп бермек.

Жалпы саны 25 мың адам мекен еткен 5-9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлі 3 шағын ауданнан құралған қала типтес кентті тұрғындар әлі күнге сағына еске алады. 1994 жылы резина бұйымдарын шығаратын зауыт банкротқа ұшыраған соң, бәрі өзгерді.

Халықтың басым бөлігі көшіп кетті, шағын аудан қаңырап қалды. – Биыл 2021 жылға құжаттар дайын, қалыпқа келтіруді бастаймыз. Биыл 10 үй жөнделеді. 6 үйді үкімет қаржысына, 2 үйді кәсіпорындар алайын деп жатыр. Тағы бір үйді СПК Сарыарқа алды. Саран қаласында баспана кезегінде тұрған бір мыңға жуық адам бар, салынған үйлерп кезектегілерге үлестіріледі, — дейді Саран қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сүлейменов.

Кенттің мәдени орталығы №7 мектеп-интернат айналасында шоғырланған. 2010 жылы бұрынғы аурухана қалашығының орнында психоневрологиялық диспансер салынды. Кентті қалпына келтіру негізінен инфрақұрылымның дамуымен байланысты: 2020 жылы ауданда дүние жүзіндегі ірі автобус өндірушілердің бірі «Yutong» компаниясымен бірлесе отырып, автобус, электробус және арнайы техника шығаратын «QazTehna» зауыты ашылды.

Саран мен РТБ–ның арасында облыстағы ең ірі күн электр станциясы бар. Ол 2019 жылы неміс компаниясының инвестиция құюымен салынған. Қуаты 100 МВт, құны $137 млн тұрады.

Расул МҰХАММЕД, QH