«А» вирустық гепатиті туралы не білеміз?

Вирустық гепатит дегеніміз – бауыр жасушаларының вирустармен зақымдалуы. Гепатит, вирусты гепатит тудыратын бірнеше вирус бар. Олар өз алдына екі топқа бөлінеді: энтералды (ауыз арқылы жұғатын А, Е гепатиттері) және парентералды гепатиттер (В, С, дельта, тета т.б. вирустар). А, Е энтералды гепатиті адамға инфекция, вирус түскен су, тағам және науқас арқылы жұғатын болса, парентералды гепатит қан арқылы жұғады (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологке барғанда дәрігерлер ауырған адамға қолданған құрал-сайманын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар маникюр, педикюр, денеге татуировка жасағанда жұғуы мүмкін).

Дерт су, ыдыс-аяқ, ойыншық, жеке гигиена заттары және басқа да заттар арқылы жұғады. «А» гепатитінің вирусы сыртқы ортаның әсерлеріне өте төзімді: төмен және жоғары температураға сезімтал емес (60°С дейін қызуда 30 минутқа шыдайды, 80°С температурада 5 минуттан кейін, яғни қайнаған кезде ғана өледі), кептіруге, көптеген химиялық заттың әсеріне және ультракүлгін сәулесіне төзімді.

«А» гепатиті көбінесе көктем, жаз аяғында, күз айларында кездеседі, ал парентералды гепатит жылдың кез келген мезгілінде кездесе береді.

Мамандар «А» гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында түрлі белгі байқалатынын айтады. Мысалы, тұмау тиіп қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін немесе ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп не буындары сырқырап, басы айналуы мүмкін, 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды. Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді.

«А» гепатитінің алдын алу үшін халыққа қарапайым гигиена ережелерін сақтауды ұсынамыз:

  • дәретханадан кейін, тамақ алдында, жұмыстан кейін, сырттан кіргенде қолды сабынмен мұқият жуу;
  • көкөністер мен жемістерді, тіпті өз бақшаңыздікі болса да, мұқият жуу;
  • табиғатқа шыққанда немесе саяжайда болғанда қайнамаған су ішпеу;
  • балаларды ерте жастан бастап жеке гигиена ережелерін сақтауға үйрету.

Ауырған кезде дәрігер ұсынымдарын сақтау қажет, өйткені ол асқынып кетуі мүмкін (өт қабының және өт жолдарының аурулары).

Гепатит вирусын жұқтыруы мүмкін деген күдік болған жағдайда шұғыл түрде дәрігерге бару қажеттігін ескертеміз.

Н.М.Аймағанбетов,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының СЭББ басшысы