АҚШ елшісі Қарағанды облысына келді
Қарағанды облысына АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм танысу сапарымен келді. Өңір басшысы Ермағамбет Бөлекбаевпен кездесуде экономикадағы ахуал, білім берудегі ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері туралы сөз болды.
– Қарағанды облысы – индустриялы өңір. Экономиканың негізін қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі және машина жасау құрайды. Жыл басынан бері облыстың сыртқы сауда айналымы 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Жергілікті өнім әлемнің 54 еліне, оның ішінде АҚШ-қа экспортталады. Облыс аумағында америкалық компаниялармен байланысы бар 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар сауда, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік операциялары, білім беру сияқты салаларда жұмыс істейді, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.
Облыс әкімі бірлескен кәсіпорындар құру және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті. Жобаларды «Сарыарқа» ЕЭА және «Saran» индустриялық аймағының аумақтарында іске асыруға мүмкіндік бар.
– Мен дипломатиялық миссиям барысында Қазақстанның барлық өңіріне баруға тырысамын. Өңірдегі жағдаймен танысу үшін Қарағанды облысына келдім. Экономиканың жай-күйі туралы мүмкіндігінше көбірек білу қызықты, – деп атап өтті Дэниел Розенблюм.
Елші шағын және орта бизнесті дамытуға қызығушылық танытты.
– ШОБ-ты дамыту – басым бағыттардың бірі. Біз барынша қолайлы жағдай жасаймыз, бұл – әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік қолдау шаралары, жеңілдікті несие алу мүмкіндігі. Аймақтық қолдау бағдарламалары бар. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Жұмыс істеп тұрған өндірістер кеңейіп, жаңа кәсіпорындар ашылуда, – деп жауап берді Ермағамбет Бөлекбаев.
Елшінің айтуынша, ол аймақтың кей кәсіпорнына баруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Н.Гоголь атындағы кітапхананың америкалық бұрышына барып, ағылшын тілін оқитын студенттермен кездесу өткізді. Дэниел Розенблюм Қарағанды университеттерінің ректорларымен де сөйлесті.