«Ақберен» шығармашылық байқауынан – жүлделі орын


Ақтау қаласында Х республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауы өтті. Бірнеше бағытта өткен сайысқа 8-11 сыныптардан 130-ға жуық оқушы қатысты. Қатысушылар өлең жазу, эссе жазу, көркемсөз оқу, айтыс өнері, шешендік шеберлік және ұлттық аспапта ойнаумен өнерлерін ортаға салды.
Аталмыш байқауға Қарағанды облысынан облыстық кезеңде әр номинацияда бірінші орын алған 6 оқушы қатысып, оның екеуі жүлделі үшінші орынға ие болды.
Байқау қорытындысында Абай атындағы №104 мектеп-гимназияның «Шешендік өнер» аталымында сынға түскен 10-сынып оқушысы Еркежан Қаныш ІІІ орын иеленді.
– Орын алғаным жетекшім Жангелді Кенжебайұлының арқасында деп санаймын, ол кісінің тікелей басқаруымен жарысқа бір айдай дайындалдық. «Қазақтың жүз шешені», «Даланың дара ділмарлары» кітаптарынан көптеген ақпарат алдым. Осы жолы қарсыластарымның саны 22 болды. Республикалық кезең бір деңгейде өтті, сонша қиын да, тым жеңіл де болмады. Өзіме қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу ұнайды, осы салаға қызығам. Қазақ тілін зерттеп, осындай жарыстарға қатыса бергім келеді. Жарыстың арқасында білмеген көптеген ақпарат алдым, болашақта бұл ақпарат өзіме керек болады деп ойлаймын. Сондай-ақ жарыстың арқасында көптеген дос тауып, білімімді кеңейттім, – дейді Еркежан Қаныш.
«Көркемсөз оқу» аталымында Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Әли Қошқаров та ІІІ орынды жеңіп алды.
– Бұл байқауға алғаш рет қатыстым. Менің номинациямда 23 бала қатысты. Дайындық жақсы болды, екі ай көлемінде дайындалдым. Қалалық, облыстық кезеңдерден өтіп, республикаға жолдама алдым. Жетекшім Әсем Уәлиевамен күнде дайындалдық. Байқауда мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романынан үзінді оқып, сондағы кейіпкер Ерболды сомдадым. Сол кездегі үлгіге сай киініп, шағын қойылым қойдым. Қазылар алқасы сол себепті осындай баға берді деп ойлаймын, дегенмен мен өзіме сендім, – дейді Әли.
Тағы бір оқушымызға, Бұқар жырау ауданы С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің 9-сынып оқушысы Тілек Мәлікке, ынталандыру сыйлығы табысталған екен.
«Ақберен» байқауының тарихына келер болсақ, тұңғыш рет 2014 жылы өтіп, республика көлемінде ұйымдастырылған тартымды да табысты бастамаға айналды.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға ықпал ету, шығармашылық қабілетін, дарынын ашу, олардың әмбебап қабілеттеріне (ақындық, шешендік шеберлік, түрлі ұлттық аспапта ойнау т.б.) баса ден қою.
9 жылда «Ақберен» республикалық байқауына 912 оқушы қатысып, жеңімпаз атанған 35 оқушы еліміздегі жоғары оқу орындарында ректор гранттарына ие болған.