Қарағандыда тариф қымбаттады

Қарағандыда жылу мен ыстық судың тарифі бірден 10 процентке қымбаттады. Енді есептегіш құрылғы бойынша төлейтін тұрғындар үшін жылудың әр гигакалориясы 3 729 теңге 73 тиын болып бекітілді. Бұған дейін тариф 3 389 теңге 52 тиын болатын.

Ал пәтердің аумағына қарай төлейтіндерге 1 қазаннан бастап әр шаршы метрі 126 теңге 81 тиын болып есептеледі. Өткен жылу маусымында 113,22 теңге болған. Сонымен қатар ыстық судың да бір текше метрі 395,73 теңгеге өсті. Қаланы жылумен қамтитын «Қарағанды энергоорталық» мекемесі қызмет құнын өсіріп жіберген. Тарифтің көтерілуінің бір себебі осы деп отыр мамандар.

– Негізі, тариф жыл басында көтерілуі керек еді. Алайда 6 айға мораторий жарияланып, уақыты енді ғана аяқталды. Бұл – жоспарлы жұмыс, қоғамдық тыңдау өтіп, тұтынушылармен келісілген баға. Енді 2027 жылға дейін инфляция деңгейіне қарай жылу тарифі жыл сайын шамамен 8-10 процентке қымбаттап отырады, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Данияр Сырымбет.

Асыл АЙБЕК,

«QH»