Бағдаршам қайта орнатылды
Осыдан біраз уақыт бұрын коммуналдық қызметкерлер аялдама мен жаяу жүргіншілер жолын ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді. Нәтижесінде Әлімхан Ермеков көшесіндегі №49 ғимарат жанындағы бағдаршам алынып тасталды. Әйтсе де тұрғындар шағымынан кейін оны кері қайтару туралы шешім қабылданған.
Бағдаршам мәселесінің шешілуіне оқыс оқиға себеп болыпты. Қыркүйек айының соңында жолды кесіп өтпек болған 12 жастағы баланы көлік қағып кеткен. Осыдан соң тұрғындардың шағымы да үдей түсті. Өйткені №49 ғимаратта бірнеше оқу орны орналасқан. Ал оның іргесінде «Раздолька» балалар орталығы, «Колобок» балабақшасы мен «Аманат» спорт орталығы бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл жермен оқушылар жиі өтеді. Ал автокөлік тізгіндеген азаматтар жаяу жүргіншілерді жолдан өткізіп жіберуге құлықсыздық танытады екен. Соның кесірінен оқушы зардап шеккен.
Қарағанды қаласы әкімдігінің Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бұған дейін орны ауыстырылған жаяу жүргіншілер өткелі де сол орнында қалатынын айтып отыр.
Өз тілшімізден