Баспана нарығындағы баға құбылды

Соңғы екі жылда баспана нарығы үшін қыркүйек айы үлкен өзгерістер айына айналды. 2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда постпандемиялық кезеңде тұрғын үйдегі шаршы метрге сұраныстың артуына байланысты баспана құны 13 пайызға жоғарылады. Ал биылғы қыркүйектегі бағаны көрші елдегі жағдай өзгертті. Нақтырақ айтқанда, шекара асып біздің елге ағылған ресейліктердің пәтер жалдауға деген сұранысы бағаны құбылтты.

Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшылардың пайымдауынша, жалдамалы пәтер ақысының бұлайша қымбаттауы – «уақытша» және «алыпсатарлық» құбылыс. Ресейден халықтың үдере көшуіне байланысты оны бірінші кезекте шекаралық және ірі қалалар сезінуде. Уақытша үдерістің қашан тоқтайтыны мигранттардың үлес санына байланысты болмақ. Ал, жалпылай айтқанда, баспана саудасындағы баға онсыз да қымбат болғандықтан, сатылым бағасының өсуі әзірге болжанбайды. Ал осыған дейін саудадағы сан түрленуге пандемия кезінде құрылыс секторындағы бағалық құбылу әсер етті. Одан бөлек былтыр азаматтар жаппай зейнетақы қорындағы шектік сомадан артылған ақшаларын алды. 2021 жылы бұл жағдай үй сұранысының 20 пайызын қамтамасыз етті. Былтыр осы зейнетақы қорындағы артық соманы пайдалануға байланысты пәтер құны 30 пайызға дейін шарықтап кетті. Енді жеткілікті шектің тағы да 1,8 есе өсіп кетуі тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетіндерге қолбайлау болмақ. Бұл дегеніңіз – енді тек табысы өте жоғары азаматтар ғана артық сомасын баспана саудасына шығара алады. Табысы орта және төмен азаматтарда ондай мүмкіндік жоқ.

Ал жалдау құны артқаны айқын көрініс беруде. Бағадағы бұл бассыздықты бірінші кезекте пәтер жалдап тұратын осал топтағылар сезінуде. Астана, Алматы сынды ірі қалаларда пәтер жалдап тұратын студенттердің бірқатары тентіреп қалды. Оған себеп – Ресейден бас сауғалай келген халықтың бағаны құбылтуы. Сарапшылардың айтуынша, қыркүйек айына дейін баспана нарығында сатылым үлесі артып тұрса, соңғы бірер аптада жалдамалы пәтерге деген сұраныс екі есе артқан. Салдарынан 300-500 мың теңге аралығында айлық ақы төлеуге қауқарсыздар қиын жағдайға тап болуда.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, былтыр жыл басынан бері бірінші және екінші нарық үйлері 11,7 және 19,5 пайызға қымбаттаған. Ал биыл Қарағандыдағы құрылыстың қарқын алуы бірінші және екінші нарықтағы пәтер құнын өзгертті. Құрылыс компанияларының көбісі өзіндік шығынды шектеу үшін зәулім үйлерден берілер баспананы төрт қабырға күйінде ғана тапсыруда. Яғни бөлмеаралық қабырғаларды тұрғызу, пәтер ішінде сылақ, әрлеу, еден төсеу жұмыстарының бәрін жаңа қожайын өз қаржысына жасауы тиіс. Онсыз да қаншама жылдық ипотекалық несие төлегелі тұрған тұтынушы үшін бұл, әрине, тиімсіз. Сондықтан пәтер алушылар тарапынан дайын қоныс – екінші нарықтағы пәтерлерге деген сұраныс артты. Бірақ баспана нарығындағы қитұрқы жүйе мұнда да қысқа жіпті күрмеуге келтірмей тастаған. Екінші нарықтағы баспанаға мемлекеттік бағдарламалардың қатысы жоқ. Нақтылай айтқанда, «7-20-25», «Әскери баспана» бағдарламасымен баспана алатын болсаңыз, пәтер міндетті түрде жаңа салынған құрылыс нысанынан болуы шарт. Шаршы метріне 285-400 мың теңгеге дейін сұрайтын құрылыс компанияларына тұтынушы еріксіз қайтып келеді. Ал бұл жерде алғашқы жарнаны (20 пайыздық сома) бірден беруге екінің бірінде қалта көтере бермейді. Тағы да тұтынушы тығырыққа тіреледі. Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмау үшін баспана алатын жан еріксіз еселенген несиелік борышқа кіреді.

«Жылжымайтын мүлік орталық агенттігі» (ЦАН) ақпарынша, Қарағандыдағы баспана нарығында сатушы сұранысы мен сатып алушы ұсынысы үйлеспейді. Баспанаға қойылар баға біздегі табыс көзіне теңдестірілмеген. Сондай-ақ банктен төлем қабілетін тексеру кезінде жалақылық мөлшер сұранысқа сай келмей жатады. «Жылжымайтын мүлік орталық агенттігі» жалдамалы пәтер жұмысымен айналыспаса да, өзге мемлекеттерден қоңырау шалып, агенттіктен жалдамалы пәтер сұраушылар көбейген.

Ал сатылым көркінің қызуын тілейтін риэлторлар үшін күз маусымы – табысты кезең. Риэлторлардың айтуынша, тамыз, қыркүйек айында жалдамалы пәтерге деген сұраныс артады екен. Бұл кезде көбіне жалға пәтер іздеушілер қала орталығында және Оңтүстік-Шығыс ауданда көбейеді. Бұл – ЖОО-да сабақ басталып, студенттердің қалаға ағылуымен байланысты. Ал жалпы Қарағанды бойынша салыстырғанда, жалдау бойынша да, сатылым бойынша да Майқұдықта қозғалыс бәсең. Сұраныс Оңтүстік-Шығыс, қала орталығы, Михайловкада артқан.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»