Әлем елдеріндегі Еңбек күні

Өткен ғасырдың ортасында Чикагода жұмысшылар қала көшелеріне шығып, еңбек жағдайларын жақсартуды, жұмыс күнін сегіз сағатқа дейін қысқартуды талап еткен еді. Бірақ 1 мамыр демонстрациясын полиция қатыгездікпен таратып, салдарынан ондаған адам ауыр жарақат алды, бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапты. 1886 жылғы қайғылы оқиғаны еске алып, Екінші Интернационалдың Париж конгресі 1 мамырды жұмысшылардың ынтымақтастық күні ретінде бекіткен еді. 1890 жылы Көктем және Еңбек күнін бірінші болып атап өткен елдердің қатарында Бельгия, Франция және Германия болды.

Швеция

Бұл елде Халықаралық жұмысшылардың ынтымақтастық күнін мерекелеуге қосылуының өз тарихы бар. 1908 жылдан бастап шведтер Ақ ромашка күнін атап өтеді. Дәстүр бойынша, бұл күні туберкулезбен ауыратын науқастарға ақша жинайды. Ромашканы табиғи антибиотиктің символы ретінде ерлер шляпаларына тақса, ал әйелдер көйлектеріне қадап қоятын болған. Гүл сатудан түскен ақша жұмысшыларды қауіпті аурудан емдеуге жұмсалады.

Финляндия

Финляндияда 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні студенттер мерекесі – Ваппаны тойлайды. Жастар оқу жылының аяқталуын және емтихандардың сәтті өтуін атап өтеді. Мереке символы ретінде студенттік ақ фуражка пайдаланылады.

АҚШ

1 мамырда америкалықтар бірден үш мерекені – Заң күні, Балалар денсаулығы және Адалдық күнін – атап өтетініне қарамастан, елде ресми демалыс күні жарияланбайды. Еңбек күні қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде аталып өтеді.

Италия

1 мамырда Италияда демонстрациялар мен саяси митингтер өтеді. Ертеректе табиғатқа арналған мерекелер осы күні ұйымдастырылған. Адамдар гүлдер құдайы Флораға және құнарлылық құдайы Майяға табынған. Ағаштарды ленталармен және гүлдермен безендіру дәстүрі болған.

Испания

Көптеген елдегідей испандықтар да мереке күндері жұмысшылардың құқығын қорғау үшін көшеге шығады. Келесі күні, яғни 2 мамырда Мадрид күні аталып өтеді. Бұл дата 1808-1814 жылдардағы соғыс оқиғаларымен байланысты.

Германия

Адольф Гитлердің кезінде агрессивті саяси митингтер Ұлттық еңбек күнінде өткізілді. 1 мамырда Берлиннің орталығында түрлі саяси партия өкілдері арасында қақтығыс болады. Көптеген қалада полиция патрульдері көшеде кезекшілік етеді.

Франция

Француздар 1 мамырда екі мерекені атап өтеді, олар: Еңбек күні және Лалагүл күні. Бірінші мамырдың басты символына айналған ақ гүл шоқтарын жақын адамдарына сыйлайды. Мұндай сыйлық бақыт әкеледі деп саналады. Сондықтан француздар пикет ұйымдастыруға асықпайды, гүл сататын дүкендерге барады.

Канада

Бұл елдің азаматтары ресми демалыс күнін демалу және көңіл көтеру үшін пайдаланады. Мемлекеттік еңбек күнімен қоса канадалықтар Гофер күнін атап өтеді. Бұл – этникалық мереке. Бұл датаны бірінші болып бірнеше ғасыр бұрын Саскачеван үнділері атап өткен.

Ұлыбритания

1 мамыр Ұлыбританияда 1977 жылдан бері заңды түрде аталып өтеді. Мереке мәртебесін оған лейбориттер, яғни сол кездегі билікте отырған партия берді. Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді, бірақ олар 1 мамырды мереке титулынан айырған жоқ. Бір қызығы, корольдіктің кей аймағында мерекелік шаралар бір себеппен бір күні өткізіледі. Мысалы, Шотландияда құнарлылық пен күн құдайы Беленеске арналған ортағасырлық Белтане фестивалінің құрметіне серуен өтеді. Ежелгі дәстүрлерге сәйкес, арнайы алаңда үлкен екі алау жағылады. Адамдар күнәларынан арылу үшін оттан секірген. Қазір, мысалы, Эдинбургте бұл дәстүр кең ауқымды от фестиваліне айналды. Керемет шоуды көру үшін жыл сайын кем дегенде 12 000 адам Калтон Хиллге ағылады.

Қытай

Бұл елде де Еңбек күнінде (бірінші мамыр) саяси көшбасшылар халыққа үндеу жасап, зауыттар мен фабрикаларда үздік жұмысшыларды марапаттайды. Күн мерекелік концерттермен аяқталады.

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Кореяның тұрғындары 1 мамырда Будданың туған күнін атап өтеді. Ресейде жұмысшылар шеру өткізіп жатқанда, олар осы мерекені тойлайды. Алғашында бұл мереке тек діни сипатта болса, жылдар өткен сайын ол әлдеқайда зайырлы сипатқа ие болды және Оңтүстік Кореяның қалаларында олар әрдайым ұлы ұстаздың құрметіне ән-бимен мерекелік шерулерге қатысады.

Аружан АЛПЫСБАЙ