Шахтерлер зейнетке ерте шыға алады

Жеті қат жер астында еңбек ететін кеншілер зейнет демалысына 50 жастан бастап шыға алады екен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Әйтсе де оның да өз шарттары бар.

Министрдің айтуынша, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға зейнет демалысына ерте шығу мүмкіндігі ұсынылады. Басты талап – зейнетақы жинақтары жеткілікті болуы тиіс. Бұл талап шахтерлерге тікелей қатысты болып отыр. Өйткені ауыр әрі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін міндетті 10% жарнадан бөлек, жұмыс беруші есебінен қосымша 5% аударылады. Яғни олардың есепшотына ай сайын айлығының 15 пайызы мөлшерлемесінде қаражат аударылып отырады.

– 2014 жылы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар, егер оларда жеткілікті жинақ болса, 50 жасында зейнетке шыға алады деген заң қабылданды. Нәтижесінде 2500-дей қызметкер зейнетке шықты. Мұнда бастысы – жинақтың жеткілікті болуы, – дейді Тамара Дүйсенова.