Ақпарат марафоны
Шахтинск қаласында Қарағанды облысының мектеп және колледж білім алушылары үшін №1 гимназия базасында «Сіздің қорғау құқығыңыз» атты ақпарат марафоны өтті. Студенттер мен оқушыларға білім орнынан тыс орындарда жүріп-тұру қауіпсіздігі, психологиялық тұрғыда ауыр жағдайлардан шығу жолдары айтылды.
Сондай-ақ іс-шара балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен сақтауға бағытталған.
– Орталық Азиядағы Еуразия қорының «QOLDA» шұғыл көмек жобасын іске асыру шеңберінде ақпараттық марафон өтті. Қатысушыларға төтенше жағдайлар мен тұрмыстық өрт кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы айтылды. Сондай-ақ алғашқы көмек көрсету тәсілдері бойынша шеберлік сабақтары өтті. Студенттер мен оқушыларға төтенше жағдайды бағалау мен шұғыл шешім қабылдау керектігі түсіндірілді, – деді Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Жасұлан Хамитов.
Айтуынша, марафонға қатысушылар алған теориялық білімдерін қауіп-қатер кезінде немесе төтенше жағдайлар туындағанда іске асыра алады.
– Төтенше жағдай кезінде іс-әрекеттің практикалық дағдыларын игеру өте маңызды. Алайда, ең бастысы, көп жағдайда төтенше жағдай адамның ықпалынан туындайды. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін сақтау – төтенше жағдайдың алдын алудағы басты фактор, – деп атап өтті «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Қарағанды ҚҚ басшысы, алғашқы көмек көрсету жөніндегі нұсқаушы және жаттықтырушы Татьяна Абрамова.
Іс-шара соңында оқушыларға тәтті сыйлықтар табысталып, қауіпсіздік негіздері бойынша викторина ұйымдастырылды.
Ақзия Оразалиева