ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ ОЛИМПИАДАШЫЛАРДАН ҮМІТІМІЗ ЗОР

XXXII Жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылы 23 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияда өтеді. Коронавирус пандемиясына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылдың 24 наурызында Олимпиаданы «2020» жазуын сақтай отыра бір жылға кейінге шегерілгені туралы хабарлады. Бастапқыда Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілде мен 8 тамыз аралығына жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы Олимпиада бұрынсоңды болмаған инновациалық олимпиада болады.

Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.

206 ҰОК-тен 11090 спортшы қатысады деп жоспарланған. Спортшылардың 49%-ы әйелдер болмақ. Ол гендерлік теңдікті білдіреді.

Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде біздің олимпиадалық құрамға 95 спортшы кіреді.

Қарағандыдан Токио олимпиадасына жеті спортшы қатысады. Олар: Жусупов Абылайхан — бокстан ҚР ЕССШ, Немич Александра мен Екатерина — ырғақпен жүзу бойынша ҚР ХДСШ, дуэт, Сыздыкова Эльмира – әйелдер күресінен ҚР ЕССШ, Бозбаев Ислам — дзюдодан ҚР ХДСШ, Смагулов Жансай — дзюдодан ҚР ХДСШ, Овчинникова Мария — жеңіл атлетикадан ҚР ХДСШ, үштік секіру.

Абылайхан Қайратұлы Жүсіпов — 1997 жылы 10 қаңтарда Қарағанды облысы, Абай қаласында дүниеге келеген қазақстандық боксшы. Бокстан 2013 жылғы жасөспірімдер арасында Азия және Әлем Чемпионы. 2014 жылы жастар арасында Азия және Әлем Чемпионы, ІІ-жасөспірімдер Олимпиада ойындарының Чемпионы. 2016 жылы өткен Олимпиада Ойындарының қатысушысы. 2017 жылы Азия чемпионатының күміс, Әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2019 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2020 жылы Олимпиада ойындарына Азия құрлықтық іріктеу турнирінің қола жүлдегері.

— Біз отбасымызда бес ағайындымыз. Жеті жасымда анам мен әкем ақылдаса отырып, мені Абай қаласындағы бокс мектебіне алып келгені есімде. Ата-анам менің далада доп қуып, уақытты бос өткізгенімді қаламады. Сондықтан, пайдалы іске баулу ба сты мақсаттары болған. Сол жылы жерлесіміз Серік Сапиев Олимпиада жеңімпазы атанып, қаламызда бокс мектептері мен үйірмелері көптеп ашылып жатқан уақыт еді. Оның жеңісі өңіріміздегі бокстың қарқынды дамуына қуатты серпін берді,- дейді Абылайхан Жүсіпов.

Жүзуден Қазақстан үш жолдама алған. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі болса, үшіншісі жерлестеріміз, апалы-сіңлілі Немичтер. Олимпиада сахнасында Қазақстан намысын қорғайтындықтарын мақтанышпен жеткізген Александра мен Екатерина тартысқа толы бәсекеде жүлдеден үміткер екендіктерін жеткізді.

Александра және Екатерина Немичтер синхронды жүзуден Қазақстан командасының мүшелері. Олар Кванджуда өткен 2019 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензияға иелік етіп отыр. Олар — 2010, 2014, 2018 жылғы Азия ойындарының қола, 2017 жылғы Әлем Чемпионатының қола және 2019 жылғы ҚР Чемпионатының алтын медаль иегерлері.

Сыздыкова Эльмира Ануарбековна — қазақстандық спортшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрес шебері. 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегері, Азия чемпионаттарының және көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

– Менің әкем жас кезінде бокспен айналысқан. Алайда кеңес заманында оның үлкен спортқа шығуға мүмкіндігі болмады. Ата-анам менің спортпен айналысқанымды қалады және 2006 жылы өздері күрес үйірмесіне алып барды. Екеуі де менің осы спорт түрімен айналысқанымды құп көрді, — дейді Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы Сыздыкова Эльмира.

Бозбаев Ислам – 1991 жылдың 11 маусымында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2017 жылы «Гранд Слам» ХТ I орын, 2018 жылы «Гран При» ХТ I орын, 2018 жылы «Әлемдік шеберлер» ХТ III орын, 2019 жылы «Гранд Слам» ХТ II орын, 2019 жылы Азия чемпионатында III орын, 2020 жылы ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының Чемпионатында I орын жеңіп алған.

Бозбаев Ислам 20 жылдан астам уақыт дзюдомен айналысып келеді. Кәсіби мансабында ауыр жарақат алған, түрлі себептермен Ұлттық құрамадан шығарылған кездері де болған. Соған қарамастан, спортшы қайта аяққа тұрып, Токио-2020 Олимпиадасына жолдама алды.

Смагулов Жансай – 1992 жылдың 26 қыркүйегінде дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдошы. 2016 жылы Риода өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2020 жылғы ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының Чемпионы.

— Олимпиада ойындарына қатысу — үлкен спортта жүрген барлық спортшының арманы. Олимпиаданың алтынын алсаң спорт шыңын бағындырғанмен бірдей болады. 2016 жылы Риода бірінші Олимпиадама қатыстым. Ондағы сезімді, залдағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олимпиададағы әрбір әрекеттіңді байыппен жасайсың. Қазіргі таңда екінші Олимпиаданың кезегі келді. Жолдамаға жету жолындағы жанталас, спорт биігін бағындыру үшін жұмсалған күш пен шыңдалған ерік-жігер — барлығы тек Олимпиада үшін. Еңбегіміз ақталып, Олимпиадада Қазақ елін қуантқым келеді, — дейді жерлесіміз Жансай.

Мария Овчинникова – 1998 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген. Спортшы 2017 жылы маусым айында Ғұсман Қосанов мемориалында 13,94 метрге секіріп, өзінің спорттық карьерасындағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Осы көрсеткішінің арқасында ол 20 жасқа дейінгі атлет арасында бірінші орында келеді. Бұған дейін Овчинникованың жеке рекорды – 13,67 метр болатын. Марияны Теміртауда Лариса Владимировна мен Зорина Наталья Витальевна тікелей жаттықтырады. Ол жеңіл атлетика, оның ішінде үштік секіру спорт түрімен жеті жасынан бастап айналысады. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Қазақстандық команда Жапонияға чартерлік рейспен аттанды. Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио қаласында «Олимпиада» стадионында өтеді. Өңірімізден аттанған спорт шеберлеріне сәттілік тілей отыра, барша қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетейік!