Медиация: ұтымды тәсіл

Кейінгі жылдары  дауларды шешуде оңтайлы шешімге келу жолдарын іздестіру дау-дамайсыз қоғамды дамытудағы дәйекті мәселе болып отырғаны ақиқат.

Заман талабына сай жаңа «медиация» атауымен қолданысқа енгізіліп отырған медиация институтының  табиғаты біздің салт-дәстүрімізден алысқа кетпеген.

Ғасырлар бойы дау-дамайды көпшілікке сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол, парасатты  адамның қатысуымен шешу мәдениетімен ұштасқан дана халқымыздың әдет-ғұрпы медиация институтының қолданысқа енуімен  құқықтық негізде жалғасын тапқандай.

Қазіргі таңда құқықтық салада медиация институтын дамытумен шұғылданып келе жатқан кәсіби медиаторлардың жұмысына ерекше тоқталуға тұрарлық.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының Татуласу Орталығымен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің жұмысына ерекше тоқталғым келеді.

Қазіргі уақытта «Татуласу Орталығында» «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің 10 кәсіби медиаторы, 2 психолог жұмыс жасайды.

2021 жылдың тамызында аталған қоғамдық бірлестіктің бастамасымен «Арселор Миттал Темиртау» АҚ жанындағы этно-мәдени бірлестік Орталығының қолдау көрсетуімен медиация кабинеті Теміртау қаласында, Блюхер көшесі, 13 үйдегі 2 қабаттан ашылған болатын. Кабинет жұмыс күндері сағат 10.00-13.00 және 14.00-17.00 аралығында жұмыс жасайды.

Жалпы алғанда, қаралатын өтініштердің басым көпшілігі отбасылық, тұрғын үйге, еңбек мәселесіне, жұмысқа тұрғызуға, экономикалық, банк және моральдық және материалдық шығынды, қарыз сомасын қайтаруға, алименттік төлемдерді қайтару және т.б. қатысты.  Орынды тәжірибелеріміз де бар.

Орталықтың жұмысына жұмылдырылған тәжірибелі заңгерлердің арқасында тұрғындарға құқықтық кеңестер тегін беріледі.

Сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктің қызметкерлері бір жыл ішінде еңбек  ұжымдарына бару арқылы 1 105 адамның қатысуымен 17 ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі таңда өзім басқарып отырған медиация кабинетінде жоғарыда аталған мәселелермен қатар мемлекеттің отбасы саясатын дамытуға, жастарды некеге тұруға жан-жақты дайындауға, отбасы институттарын нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуге, құқықтық кеңестер беруге, жастармен алдын алу жұмыстарын, психологиялық сұқбаттар өткізуге, сонымен қатар  некелерін бұзғысы келетін және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ерлі-зайыптылармен  жұмыс жүргізуге бағытталған шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, біздің қоғамдық бірлестікте медиаторларды оқытуға және олардың біліктілігін  арттыруға байланысты оқулар, тәжірибе бөлісуге арналған  шеберлік сыныптары өткізіліп тұрады.

Қазіргі таңда «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – ҚР «Медиация туралы» заңнамасына сәйкес, облыс аймағында халықты мәдениеттілікке тәрбиелейтін бірден-бір институт медиация институтын дамыту болып отыр.

«Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген қанатты сөздер  халық жадында. Ел ішіндегі халықты татуластырып отыру, өзара туындаған түрлі кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешу, оған жол сілтеу бүгінгі таңда медиаторларға жүктелген үлкен міндет іспеттес  және осы бағыттағы жұмыстарды атқарудағы медиаторлардың атқаратын рөлінің жоғары екені сөзсіз.

Даулы мәселелер ойландырар болса, біз шешімін табуға көмектесуге дайынбыз.

 Б.М.Оспанов,

 «АрселорМиттал Темиртау» АҚ жанынан

 ашылған медиация кабинетінің меңгерушісі