Мектептер дайындығы пысықталды

Бір аптадан кейін еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау үні сыңғырлайды. Қарағанды қалалық мәслихаты депутаттарының тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында шаһардағы білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындықтағы мәселелері қаралды. Отырысқа Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Дархан Малдыбаев, Ә.Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Қойшыбай Сүлейменов, Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім, бірқатар мемлекеттік орган өкілдері, Қоғамдық кеңес пен бұқаралық ақпарат құралдар қызметкерлері қатысты.

Мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов жиын басында өрт қауіпсіздігі, терроризмге қарсы шаралар, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы сынды міндетті түрде ескерілуі тиіс аспектілерге тоқталды.

— Осы жылы 8 шілдеде №50 орта мектептің шатыры құлап, спортзалдың ішіне тақталар мен бағандар құлаған. Абыраой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Біздің міндетіміз – осындай апатты оқиғалардың алдын алу, мейлінше сақ болу, ескі мектептерді тұрақты бақылауда ұстап, жөндеу жұмыстарын жүргізу, — деді Бексұлтанов.

Қарағанды білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру үшін арнайы күнтізбе бекітілген. Тексеру қорытындысы бойынша акт әзірленді. 18 тамыздағы жағдай бойынша, 72 мектеп, 35 мектепке дейінгі ұйым, сондай-ақ 11 қосымша білім беру ұйымы тексерістен өткен.

Нәтижесінде, мемлекеттік рәміздердің барлық ұйымдарда бар екендігі анықталды. Мектептердің бірінші қабатында ата-аналарға арналған мектеп формасы туралы ақпарат, сенім телефоны, балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің QR-коды жайлы ақпараттық стендтер де тиісті орнында.

Барлық мектеп ауласындағы шөп шабылып, ағаштар кесілген. Сондай-ақ, жан басына қаржыландыру қаражаты есебінен косметикалық жөндеу жүргізілген.

Тамақтану жүейсінде де олқылықтар жоқ. Үш мектеп-интернат штаттық ас үй қызметкерлерімен жасақталған. 77 мектепте арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Ыстық тамақты жеткізумен 29 кәсіпорын айналысады.

2022 жылы №64, 74, 86 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  252 миллион 814 мың теңге бөлінген.  № 64 мектепте жөндеу толығымен аяқталса, №86 мектепте 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Ал №74 мектепте жөндеу жқмыстарының 61 пайызы орындалды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 22 нысанға 426 миллион 979 мың теңге қарастырылған. Тоғыз ұйым тоығымен жөндеуден өтіп, 13 ұйымда жұмыстар жалғасуда.

Бүгінде қалада 42 мемлекеттік балабақша, 12 мектеп жанындағы шағын орталық және 18000 орынға арналған 60 жеке мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Биылғы жылдың соңына дейін 6 жекеменшік балабақшаны пайдалануға беру және жұмыс істеп тұрған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды кеңейту есебінен 460 жаңа орын ашу жоспарлануда.

Бірінші қыркүйекте 72 мың оқушыны қамтитын 81 мектеп өз жұмысын бастайды. Оның ішінде 7791 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Майқұдықтағы 11а шағын ауданында 600 орындық жаңа мектептің ашылуына дайындық жүріп жатыр.

Қалада тоғыз жеке меншік мектеп жұмыс істейді. Оның біреуі 2022 жылғы тамызда ашылған — «Logos School» ЖШС 50 орындық бастауыш мектебі (Мичурин көшесі, 27/2). Айта кетейік, жеке мектептерде оқитын қарағандылық балалар саны 1300-ді құрайды.

Оқулықпен қамту – 70 пайыз көлемінде. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды, деп күтілуде.

Бұл туралы депутаттарға Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім баяндады. Қаланың бас мұғалімі 22 тамыздан бастап бюджет қаражаты есебінен («Жалпыға міндетті оқу» қоры) 1641 оқушының ата-анасына әр бала үшін 37389 теңге көлемінде қаржылай көмек берілетіндігін атап өтті.

— Ата-аналар бұл ақшаға өз бетінше киім, аяқ киім, кеңсе тауарларын сатып алады, содан кейін 15 күн ішінде мектепке есеп береді, — деді Есентай Мұқатайұлы.

Білім бөлімінің басшысы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Айтуынша, бірқатар мектептерде күрделі жөндеу жүргізіліп, аулаларды абаттандыру жоспарлануда.

Жаңа оқу жылына дайындық әлі де жалғасуда. Қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов отырысты қорытындылай келе, білім саласындағы мәселелер қашан да өзекті екендігін атап өтті.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА