Smart Start жобасы іске қосылды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алғаш рет Smart Start жобасын іске қосты. Бұл – IT-мамандықтарда оқитын жас студенттер үшін әрі қарай жұмысқа орналастыруды қарастыратын ақысы төленетін тағылымдама.

«Біз IT саласында дамып, мемлекеттік қызметтерді алу саласында клиенттердің өмірін жақсартқысы келетін пікірлестерді іздейміз. Болашақ тағылымдамадан өтушілер түрлі сервистер мен метрикалар әзірлеп, енгізе алады, деректер жинап, оларды талдай алады, командада жұмыс істей алады», – делінген мемлекеттік корпорацияның хабарламасында.

Тағылымдамадан өтушілер IT-өнімдерді әзірлеуде оқудан өтіп, өз дағдылары мен біліктілігін арттырады, нақты кейстермен жұмыс істейтін болады. Қорытындысы бойынша үздіктер мемлекеттік корпорацияда жұмысқа орналасады.

Орындар саны шектеулі. Үміткерлер арасында бірнеше кезең бойынша іріктеу жүргізіледі.

Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау. Ол 15 тамызда басталып, 2022 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалғасады. Қатысу үшін үміткерге арнайы өтінімді толтыру қажет, оны мемлекеттік корпорацияның ресми сайтынан жүктеуге болады, өз түйіндемесін, оқу орнынан анықтаманы, GPA транскриптін және «Неліктен мен мемлекеттік корпорацияда жұмыс істегім келеді және болашақта компанияға қандай пайда әкелемін» тақырыбына уәждемелік эссе (екі беттен артық емес, Times New Roman, 14) ұсынуы тиіс.

Өтінім мен қажетті құжаттарды келесі поштаға жіберу керек: i.rakhimova@gov4c.kz.

Екінші кезеңде қатысушыларға қабілеттерін тестілеу, ал соңғы, үшінші кезеңде сараптамалық комиссиямен әңгімелесу жүргізіледі.

Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша мемлекеттік корпорация жеңімпаздарға жоба менеджерлері, өнім талдаушылары, backend/frontend-әзірлеушілер және жүйелік әкімшілер позицияларын ұсынады.

Тағылымдама туралы толық ақпаратпен сілтеме бойынша танысуға болады.