Орташа жалақы көлемі қанша?
Соңғы статитикалық деректер бойынша, елімізде орташа жалақы көлемі – 312 011 теңге. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 24% артық. Жалақы қызметтің барлық негізгі экономикалық түрлерінде өскен.
2021 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда ең үлкен өсім құрылыс салаларында (35,5%), көлік және қоймада (34,8%), кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда (28,3%) тіркелді. Ал, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларында неғұрлым төмен қарқын байқалды. Бұл салалар бойынша орташа айлық жалақының өсімі 12,1 пайызды құраған.
Өңірлік бөліністе ең жоғары өсім Қызылорда облысында тіркелді – 31,3%-ға. Ең төмен өсім Нұр-Сұлтан қаласында – 14,2%-ға байқалды. Бұл ретте нақты мәнде (бағаның өсуін ескере отырып) 0,1 пайыздық тармаққа төмендеу байқалды.
«Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есебі негізінде есептеледі. Орташа мән қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салық пен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады. Медиана жалақысы – есептелген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер санын бөлгендегі қатардың тең ортасында тұрған және сол мөлшерді екіге бөлетін (одан көп және аз) жалақы мөлшері», – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2022 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 285 433 теңгені құрады.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»