Қауіпсіздік – басты назарда
Қарағанды – өнеркәсіптік өңір, сондықтан кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар көп орын алады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 88 өндірістік оқиға тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 112-ге аз. Биыл осындай оқиғалардан кейін 103 адам зардап шекті, оның ішінде 15 адам қайтыс болды.
Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындарда тіркелген.
– Өндірістік жарақаттанудың жасырын фактілерін болдырмау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге ай сайын медициналық мекемелерге келіп түскен, өндірісте зардап шеккен пациенттер бойынша жұмыс жүргізіледі, – деп хабарлады Ирина Любарская. – Осы жылдың 6 айында жазатайым оқиғаларға 113 арнайы тергеу жүргізілді – олардың қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаларға арналған арнайы тергеу материалдары полиция органдарына жолданды. Жіберілген материалдардың ішінен қазіргі уақытта 22 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, 66 іс қараусыз қалдырылды, 23 материал бойынша қылмыстық іс тоқтатылды, 2 іс бойынша әкімшілік айыппұлдар жасалды.
Қарағанды облысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалар санының азаюына қарамастан, жекелеген өңірлерде жылдан жылға жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда. Өсім Қарағанды, Теміртау, Балқаш және басқа да қалаларда байқалды.
– Жазатайым оқиғалар бойынша жүргізілген арнайы тергеулердің мән-жайлары мен себептерін талдау: негізінен жазатайым оқиғалар жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру орын алғанын, яғни жұмыс беруші жұмыс орнында кез келген тәуекелдерді болғызбау жөніндегі шараларды тиісті деңгейде қабылдамайтынын көрсетеді. Бұдан басқа, жұмыс жүргізу кезінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін орындауды бағынышты персоналдың сақтауына жауапты тұлғалар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі де себеп болады. Кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасына жауапты лауазымды біліктілік талаптары жоқ қызметкерлер атқарады, жұмыс берушілер жабдықтарды жаңғырту бойынша жеткілікті шаралар қабылдағанымен, қауіпсіз еңбек жағдайлары қамтамасыз етілмейді.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың көбі жұмыс өтілі 3 жылға дейінгі жұмыскерлермен болады. Бұл қауіп факторлары жұмыс беруші тарапынан тиісті бақылау болмаса немесе тәлімгерлік жүйесі болмаса, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқаулық болмаса пайда болады, – деп түсіндірді Ирина Любарская.
– Жазатайым оқиғалардың 57%-ы өздерінің ұзақ мерзімді кәсіби тәжірибесіне сүйенетін қызметкерлермен және 55 жастан асқан адамдармен болады, – деп жалғастырды Ирина Любарская. – Барлық жұмыс беруші жұмыскерлерді міндетті, мерзімді медициналық қарап-тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткізбейді. Бұл құрылыс саласына көбірек қатысты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электронды форматқа көшетін, тек жерасты бейнебақылау жүйесін пайдаланатын облыс кәсіпорындары өте әлсіз жұмыс жүргізуде. Өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол берген кәсіпорындар профилактикалық бақылауға енгізіледі: 2022 жылдың басынан бастап мұндай бақылауды 9 кәсіпорында жүргіздік.
Тағы бір өзекті мәселе – еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесімен жеткіліксіз қамту. Әзірге қамту белсенді заңды тұлғалардың тек 35,1%-ын құрайды. Жұмыс берушілермен кездесулер өткізу кезінде осы сәтке де ерекше көңіл бөлінеді.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»