Тіл дамуында – тың бастама
Қайтсек мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейтеміз? Талай жыл бойы айтылып, көтеріліп келе жатқан мәселе – бұл. Түйіні тарқамаған түйткілді мәселені оңтайлы шешу бағытында Қарағанды облысының белсенділері тың бастама көтерді. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен бірлестікте жүзеге асатын «Тіл – қазына» жобасы аймақтағы аудан-қалаларды толық қамтымақ. Толығырақ баяндасақ…
Қарағанды облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекованың айтуынша, жоба үш бағытта іске асады. Алғашқы бағыт – аймақтағы тіл саласындағы өзекті мәселелерді анықтау. Тіл жанашырлары қараша айына дейін облыстағы 11 аудан-қаланы толық аралап, жергілікті халықпен кездесу ұйымдастырады. Осы аралықта жарымжан жарнамалар мен Көрнекі ақпарат құралдары туралы заң нормаларын өрескел бұзған мекемелер анықталып, оларға мемлекеттік тілдегі деректерді дұрыстау жөнінде кеңес берілмек. Ал екінші бағыт әлеуметтік желілердегі қазақтілді контенттің сапасын арттыруға бағытталған. Үшінші бағыт – отбасылық байқау өткізу. Бір айта кетерлігі – «Тіл – қазына» жобасына тек қазақ азаматтары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де кең көлемде тартылады. Жоба бастамашыларының көздеп отырғаны да – мемлекеттік тілді үйренушілер қатарын арттыру.
– Мен үш жылдан бері Тілдерді дамыту басқармасының «Сауатты жарнама» жобасы аясында жұмыс жасап келемін. Бұл әлеуметтік жобаның аясында тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі заң жобасымен әбден таныстым деп айтуға болады. Осы көшпелі семинар кезінде тұрғындарға заң нормаларына енген соңғы өзгерістер туралы айтамын. Мәселен, 2021 жылдың 29 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Заңы бекітілген болатын. Бұл заңда қазақ тілінің мәртебесі жоғары екені анық көрсетілген. Бұрын мемлекеттік тіл орыс тілімен тең дәрежеде болатын және қатар жүретін. Ал соңғы өзгерістер бізге ақпаратты тек қазақ тілінде ғана ұсынуға мүмкіндік береді. «Орыс тілі қайда?» деген сұрақ туындамайды, – дейді жоба үйлестірушілерінің бірі Эльмира Сайлауқызы.
Әрине, тіл саясаты – нәзік дүние. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деген ұранмен қоғам наразылығын туғызып жүрген жандар бар. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтің айтуынша, мұндай қадамдар тіл мәртебесін көтермейді, қайта оған қарсы шығушылардың артуына, араздықтың үдеуіне әкеп соқтырады.
– Әлеуметтік желіде түрлі белсендінің қазақ тілін орынды-орынсыз талап ету оқиғалары жиілеп кетті. Иә, олар мұндай әрекетке мемлекеттік тілді дамытайық, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтейік деген ниетпен баратын шығар. Әйтсе де мұндай дөрекі қарым-қатынас тіл мәселесін шешпейді, қайта ушықтыра түседі. Бәлкім, қазақша білмейтін адам іштей оны меңгеруге талпынып, жүрегімен жақсы көріп жүрген шығар. Ал одан бірден қатаң негізде талап ету қайта жеккөрушілік сезімдерін арттыруы мүмкін. Сондықтан бұл нәрсеге байыппен қарау керек. Жылы сөйлеп, тілдің артықшылығын көрсету арқылы бетін бұрып, насихаттау арқылы ғана түйінді тарқатамыз, – дейді Бекзат Алтынбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тіл – қазына» жобасы аясында балаларға арналған «Қазақшаң қалай, балақай?» атты бейнероликтер түсіріледі. Оған өзге ұлт өкілдері кең көлемде тартылмақ. Сонымен қатар қазан айында «Үлгілі отбасы» байқауы ұйымдастырылмақ. Оған 11 команда қатысады деп көзделіп отыр.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»