«Білікті» педагогтар ғана жұмысқа қабылданады

Жоғары оқу орындарының жас педагог-түлектері Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырғаннан кейін ғана жұмысқа қабылданады. Бұл жаңашылдық кадр сапасын арттыруға бағытталған. Біліктілік тестілеуі түлектердің пән бойынша білімі мен оқыту әдістемесінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту минмистрі мұндай жаңашылдықты өткен жылы білікті педагогтер сапалы білім берулері үшін енгізген еді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, оқуын тәмамдаған жоғары оқу орындарының түлектері мен осы уақытқа дейін мектепте жұмыс істемеген педагогтер Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруы тиіс. Тестілеуді тапсырып, қажетті балл жинаған түлектерді ғана жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Тестілеуде біліктілігін дәлелдегеннен кейін түлектер өз кәсіби дағдыларын мектеп қабырғасында көрсете алады. Бұл жаңашылдық оқуын аяқтап, педагог болып жұмыс істеуге ниет білдірген тұлғаларға ғана қатысты. Яғни, жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге бұл талаптар қойылмайды.

Қарағанды қалалық білім бөлімі Ұлттық біліктілік тестілеуі шаһарымызда 8–31 тамыз аралығында өтетіндігін хабарлады. Ал келесі біліктілік тестілеу қараша айына жоспарланған. Тестілеуді тапсыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында алдын ала тіркелу қажет.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтар бойынша түсуге ниет білдірген түлектерге қойылатын талаптар күшейтілді. Егер бұрын ҰБТ-да болашақ педагогтер үшін шекті балл 50 болса, енді шекті балл 75-ке дейін көтерілді.

Аружан АЛПЫСБАЙ