Бүгін – Абай күні
Бүгін, 10 тамыз – Абай күні. 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын.
Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа танымал болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлы туған күн таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы күн күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген еді.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі: мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз». 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі», — деп жазылған Үкімет қаулысында.
«Абай – қазақтың төлқұжаты» деген қанатты сөз біртіндеп шындыққа айналып келеді. Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында 2020 жылы әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды.